Аманжол Әлтаев: «Біржанның тұлпар мінгеніне қызғанышпен қарады деген қисынға келмейді»

0

13 тамызда қырғыз басшысы Садыр Жапаров көкпардан әлем кубогіне барып арнау айтқан, «қазақ ақыны» Біржан Қалдыбаевқа ат мінгізген.

Бір аптадан соң ақынға уәде етілген сыйлық берілді. Алайда кейін айтыскер ақын Аманжол Әлтаев Біржан Қалдыбаевты сынаған еді. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та ақынның сынына жауап берді.

Аманжол Әлтаев осы жағдайларға қатысты фейсбук парақшасында жазба жариялады.

«Біржан Қалдыбаев бауырыма жанашырлықпен айтқан сын пікірімді үдетіп түрлі сайттар бір-бірінен көшіріп алып шығарып жатыр екен. Желі қолданушылары арасында да мәселенің байыбына бармай, мені қызғаншақтық танытты деп сан саққа жүгіртіп жатқандар да бар екен.

Бүгін Біржан бауырыммен сөйлестік.

Мен ағалық ақылымды жеткіздім, ол да інілік ізетімен өз пікірін айтты. Ең бастысы бір — бірімізді түсіндік деп ойлаймын. Мәселені дауға айналдырмай нүктесін қойып, сыйластықты сақтауға уағдаластық.

Біржанның тұлпар мінгеніне қызғанышпен қарады деген ешқандай қисынға келмейді. Бауырымыздың тұлпар мінгеніне тек қуанышпен қараймын. Өзім де өзге азаматтарға жылына бірнеше тұлпар мінгізіп жүрген азаматпын. Бір елдің атынан барғаннан кейін айтқан арнауы көркемдік талапқа, эстетикалық талғамға, байыпты мазмұнға сай болса екен дедім.

Бұл — өнер өлкесіндегі баршамызға ортақ талап. Өнердің сапасын аласартып алмау — парызымыз!

Біржан бауырымның отбасына амандық, ісіне береке тілеймін. Тақымынан тұлпар кетпесін.

Бауырлас Қырғыз елінің, Президентінің ыстық ықыласына да рақмет айтамын.

Ел іргесі бүтін, бірлігі бекем болсын!», — деп жазды Әлтаев.

ақпарат, фото: Nege.kz