Amanat партиясынан мәслихатқа сайланған депутат Зеленскийге «Түркияға шабуыл жасауды» ұсынды

0

Алматы мәслихатының VIII шақырылымының депутаты Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийге Қырымның орнына Түркияға шабуыл жасауды ұсынған деп хабарлайды Kznews.kz ақпарат агенттігі. 

Желіде жарияланған материалда Зеленскийдің контршабуылды жоспарлағанын, нәтижесінде Қырымды Украинаға қайтарғысы келетіні туралы айтылған. Украина президенті Yle басылымына берген сұхбатында әрі қарайғы жеңіс Батыстың Киевке қару жеткізуіне тікелей байланысты екенін мәлімдеді.

«Зеленский мырза, одан да Түркияға! Ол жақты жыл бойы ауа райы жылы болады», – деп пікір қалдырды Башинская Deutsche Welle парақшасында жазба астында.

Кейін желі қолданушылары Қазақстан азаматы бола тұра Башинскаяның Зеленскийге кеңес бергеніне наразылық білдірді. Тіпті депутат көпшіліктен кешірім сұрап, мүлде басқа нәрсеге меңзегенін мәлімдеді.

«Достар! Мен Украина президентінің мәлімдемесіне қатысты ойланбастан пікір жаздым. Түркия туралы жазып, мүлде басқа нәрсені айтқым келген. Бауырлас түрік халқынан кешірім сұраймын. Мен Украина мен Ресей халқына тек татулық тілеймін. Кешіріңіздер, бұл – менің қателігім. Бұл жағдайға пікір білдіретіндей менің құқығым жоқ», – деп жазды ол.