Аман қалған жігіт 49 адамды өлтірген қылмыскерден қалай қашқаны туралы айтып берді

0
926

Жаңа Зеландиядағы теракті кезінде аман қалған индонезиялық студент қандықол қылмыскерден қалай қашқаны туралы айтып берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі BBC сайтының дерегін негізге алып. 

Ирфан Юнианто сол күні мешіттегі кішкентай бөлмеде таңғы намазын оқып болып, уағыз тыңдап отырған. Бір кезде сырт жақтан қатты дауыс естіледі.

«Бір кезде оқ атылғанын естідім. Содан кейін қаша жөнелдім. Мен өзім отырған бөлмедегі қосалқы есіктен шығып кеттім. Содан кейін мешіттің артындағы тұраққа бардым. Тұрақ жақта бірнеше адамның қақпадан секіріп жатқанын көрдім. Маған бір жігіт көмектесті», – дейді аман қалған жігіт.

♦28 жастағы қылмыскер мешіттегі атысты видеоға түсірген (видео +18)

Оның айтуынша, еңбек демалысындағы дәрігер 15 шақты адамды өз үйіне кіргізген. Олардың екеуі жарақат алған.

«Еңбек демалысындағы дәрігер бізге көмек көрсетті. Сондай-ақ ол өте қонақжай екен. Бізге тамақ пен сусын ұсынды», дейді Ирфан Юнианто.

Олар 5 сағатқа жуық сыртқа шықпай отырған. Полиция қызметкерлері келген соң ғана үйден шығыпты.

«Біз қатты қорықтық. Көшеге шығуға бата алмадық. Әсіресе шабуыл жасаған адамды кездестіруден қорықтық», – дейді Ирфан Юнианто.

Еске сала кетсек, жұма күні таңертең Жаңа Зеландия халқы ғана емес күллі мұсылман қауым қара жамылды. Жаңа Зеландиядағы 2 мешітке шабуыл жасалды. Крайсчерч қаласындағы  Әл-Нұр мешітінде 49 адам көз жұмды. Брентон Таррант өзінің бұл әрекетін теракті деп бағалады. Сондай-ақ ол болған оқиғаны видеоға түсірген.

Аударған: Әсел Болатқызы

«Қамшы»