Амалбек Тшанов кенже ұлынан айырылған қиын сәтін еске алды (видео) – новости Казахстана

0
126

Белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Амалбек Тшанов 31 арнаға сұқбат беріп, қызметсіз қалған күндерімен өзін сатып кеткен жандар туралы ашық айтты. Қоғам қайраткері сондай-ақ, кенже ұлынан айырылған сәтін де еске алды деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: Turkystan.kz

Фото: Turkystan.kz

Бір кездері депутат, облыс әкімі қызметін атқарған Амалбек Тшанов қатарынан төрт ай бойы жұмыссыз қалған күндерін де еске алды. Бағдарлама жүргізушісінің

«Биікке шығу қаншалықты қиын болса, биіктен құлау да соншалықты қиын дейді. Рас па?» деген сауалына қоғам қайраткері былай деп жауап берді.

«Ол дұрыс, бірақ кім қалай қабылдайды? Жалпы менің өмірім биікке көтерілу мен биіктен төмен түсумен қатар жүріп келе жатыр. Қазақтар қызмет қолдың кірі деген сөзбен келіспеймін, қызмет деген ол бақ, ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін нәрсе ғой? Мен Жамбыл облысын бар-жоғы үш ай басқардым, ал Шымкент қаласын бір жыл он ай басқардым. Бірақ мен үшін қызметтен айырылу – ауыртпалық болған жоқ», – деді қоғам қайраткері.

Сондай-ақ ол өмірінің ең қиын сәті кенже ұлынан айырылған күні екенін де атап өтті.

«Менің жүрегіме ауыр тиген ең қиын мәселе, ол 2003 жылы кіші ұлымның дүниеден өтуі болды. Денеге түскен ауырлықты көтеруге болады, сөзді де көтеруге болады, ал бірақ жүрегіңді, бауыр етіңді жарып шыққан ұлыңның өмірден өтуі, әлбетте, мен үшін өмірдегі ең қиын сәттің бірі болды», – дейді саясаткер.

Сұқбат барысында, саясаткер қызметінен айырылған кезде жанындағы жандардың сатып кеткендігін де айтты.

«Кезінде Шымкент қаласында жұмыстан кеткеннен кейін төрт ай жұмыссыз отырдым. Сол кезде ешкім жоқ, телефон соғуға да қорқады. Үйге де ешкім келмейді. Төрт ай тыныш жаттық. Сол кезде адамдардың, жалпы қазақ халқының болмысын түсіндім«, – дейді қоғам қайраткері.

Айта кетерлігі, қоғам қайраткері бұған дейін ұлына арнап «Тағзым» атты кітап шығарған еді.

Дерекөз 31 арна


Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!