Алжирде президенттің қайта сайланбауын талап еткен шерулер жалғасып жатыр

0

Жұма, 8 наурызда Алжирде ондаған мың адам көшеге қайта шығып, президент Әбделәзиз Бутефликаның алдағы президент сайлауына қатыспауын талап еткен. Шеру бейбіт өткен. Ел астанасы Алжир қаласында метро жабылып, кейбір пойыздар жүрмей қалған.

Бұған дейін Бутефликаның атынан жазылған хабарлама да тараған. Онда президент «бейбіт жиынның тәртіпсіздікке ұласып кетуіне жол бермеу керектігі» туралы айтқан.

Елде шеру, акция өткізуге 2001 жылдан бері заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ ақпан айының соңынан бері Алжирдің ірі қалаларында мыңдаған адам қарсылық шараларын өткізіп келеді.

Әбделәзиз Бутефлика Алжирді 1999 жылдан бері басқарып келеді. 2013 жылы оған қастандық жасалған. Содан бері мүгедектер арбасымен жүретін ол көп алдына сирек шығады. 3 наурызда Бутефлика бесінші рет президент сайлауына түсетіні туралы мәлімдегеннен кейін елде наразылық күшейген.

Оқи отырыңыз: Алжир және Қазақстан: қандай ортақ тұстары бар?

Оппозициялық партиялар Алжир президенті денсаулығына байланысты қызметін атқара алмаған жағдайда оның орны бос деп жарияланатыны жайлы конституция бабын қолдануға шақырған. Оппозиция сайлауды жарты жылдан кейін өткізуді, оған дейін тәуелсіз үкімет жасақтап, жаңа конституция жобасын әзірлеуді ұсынған.

Соңғы уақытта билік партиясына мүше бірнеше депутаттың қарсылық ретінде мандатынан бас тартқаны хабарланған. Елдегі танымал имамдардың бірі Бутефлика үшін дұға жасаудан бас тартқан.

Азаттық