Алжир президенті Бутефликаның биліктен қашан кететіні белгілі болды

0

Алжир президенті Әбделәзиз Бутефлика биліктегі төртінші мерзімі аяқталғанға дейін, биыл 28 сәуірде қызметінен кетеді. Бұл туралы APS мемлекеттік ақпарат агенттігі Алжир президенті кеңсесінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.

Бутефлика мемлекет басшысы қызметінен кету туралы шешімін қабылдаған кезде елде жаппай наразылықтың жалғасып жатқанына бір айдан асты.

Алжир конституциясына сәйкес, Бутефлика қызметінен кеткеннен кейін парламенттің жоғарғы палатасының спикері Әбделкадер Бенсалах мемлекетті уақытша басқарады. Заң бойынша, 90 күннің ішінде елде кезектен тыс президент сайлауы ұйымдастырылуы тиіс.

82 жастағы Бутефлика наурыз айында президент сайлауына бесінші мәрте түсу жоспарынан айнып, сайлауды сәуірден жыл соңына ауыстырған болатын.

30 наурызда Алжир көшесіне наразылық шеруіне шыққан жүздеген мың тұрғын елді 1999 жылдан бері үздіксіз басқарып келген президент Бутфликаның биліктен кетуін талап еткен.

Azattyq