АЛЖИР музейі маңында Серікжан Біләшті қолдау акциясы өтті
Бүгін, 16 тамызда Ақмола облысы Ақмол ауылындағы АЛЖИР музейі (совет билігі тұсында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдер жазасын өтеген лагерь ред.) маңында нұр-сұлтандық жиырмадан астам белсенді Алматының Әуезов аудандық сотында ісі қаралғалы жатқан «Атажұрт еріктілері» тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Білəшті қолдап акция өткізді.
Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәлімдемелерімен танылған 45 жастағы Серікжан Біләшқа Қазақстан билігі «алауыздық қоздыру» бабы бойынша айып таққан.
Целиноград аудандық соты жанындағы қазақтың үш биіне қойылған ескерткіштің алдына жиналған белсенділер Қазақстан билігінен Біләш пен өзге де «саяси тұтқындарды» босатуды талап етті. Олар «Саяси тұтқындарға бостандық» деген жазуы бар баннер мен Серікжан Білəштің суретін ұстап тұрды. Акцияға қатысушылардың кейбірі кеудесіне Серікжан Біләштің суреті басылған ақ жейде киіп алған.
— Серікжан Білəш босатылуы тиіс. Оның жазығы жоқ, — деді «Атажұрт еріктілері» белсендісі Меллатхан Айтқали.
Оның сөзін қолдаған өзге белсенділер «Бостандық! Бостандық!» деп айқайлады. Он бес минутқа созылған акция аяқталған соң оған қатысушылар Целиноград аудандық сотында белсенді Дулат Ағаділдің ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысына кірді.
Ал бұл кезде Алматының Әуезов аудандық соты алдына жиналған ондаған адам Біләшқа бостандық беруді талап етіп тұрған болатын. Біләштің адвокаты Айман Омарова сот белсендінің ісін қарауды 16 тамыз күнгі сағат 19.30-ға қалдырғаны туралы хабарлады.
Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәлімдемелерімен танылған 45 жастағы Серікжан Біләшқа Қазақстан билігі «алауыздық қоздыру» бабы бойынша айып таққан. Белсенді үйқамақта отырған кезде өзіне қысым жасалғаны туралы мәлімдеген.
Бұған дейін бейсенбіде Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшақпен жеткізілген Біләштің соты 16 тамызда таңертең сағат 10-да басталады деп хабарлаған еді. Қазір Алматыдағы баспанасында үйқамақта отырған Біләштің жұма күні таңертең сотқа келген жоқ. Айман Омарованың айтуынша, ол сотқа адвокатсыз барудан бас тартқан.
45 жастағы Серікжан Біләш 2019 жылы кейбір қазақстандық қоғам қайраткерінің белсендіні айыптаған хаты жарияланғаннан кейін биліктің назарына іліккен. Ақпанда Алматы соты Біләшқа «тіркелмеген бірлестікке жетекшілік жасағаны және қатысқаны» үшін айыппұл салды.
Наурызда билік Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға апарып, үйқамаққа алған. Белсенді үйқамақта отырған кезде өзіне қысым жасалғаны туралы мәлімдеген. Шілденің соңында Нұр-Сұлтан соты белсендінің ісін Алматының Әуезов аудандық сотының қарауына жіберген.
Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш жетекшілік ететін «Атажұрт еріктілері» ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымы туралы мәлімдеп, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үнемі жариялап келді. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартқан.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Серікжан Біләшті қудалауды тоқтатып, оны босатуға шақырған.
Соңғы апталарда Қазақстанның бірнеше аймағында «Саяси тұтқындарға бостандық» акциялары өткен. Оны ұйымдастырушылары Серікжан Біләшті және құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп таныған өзге азаматтарға қолдау білдірген.
Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы я азаматтық ұстанымы үшін қудалауға түскен ешкім жоқ дейді.