Алжир халқы уақытша президентке де қарсы шықты

0
205

9 сәуірде Алжир парламенті Әбделазиз Бутефликаның отставкасын қабылдады. Ел конституциясына сай, парламенттің жоғарғы палатасының спикері Әбделкадер Бенсалех 90 күнге уақытша президент болып тағайындалды. Үш айдың ішінде елде президент сайлауы өтуі тиіс.

Ел астанасы Алжирде жүздеген адам Бенсалехтің уақытша президент болып тағайындалғанына қарсы шықты. Наразылар Бенсалехті Бутефликаның адамы деп санайды. Көшеге шыққандар «қазіргі жүйе түбегейлі биліктен кетсін» деп талап еткен.

Әбделкадер Бенсалех.

Әбделкадер Бенсалех.

Биыл ақпанда 82 жастағы Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Осыдан кейін елде жастар жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап етіп жатыр. 2 наурызда мыңдаған адамның наразылығын полиция күшпен басуға тырысқан. Полициямен қақтығыста 180-ге жуық адам зардап шеккен.

Бутефлика наурыз айында президент сайлауына бесінші мәрте түсу жоспарынан айнып, сайлауды сәуірден жыл соңына ауыстырған болатын.

1991 жылы Алжирде исламистік топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, 1999 жылы, келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында «президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді» дейтіндер де бар.

Azattyq