Алжир әскері бас штабының басшысы ел президентін қызметке жарамсыз деп тануға шақырды

0

Алжир әскері бас штабының басшысы Ахмед Гаед Салах елді жиырма жыл билеген 82 жастағы президент Әбделазиз Бутефликаның ұзаққа созылған халық наразылығынан соң биліктен кетіруге үндеді. Бұл туралы генерал мемлекеттік телеарна эфирінен айтқан деп жазады жазады BBC агенттігі.

Халыққа үндеу жасаған генерал-лейтенант Салах президенттің бесінші мерзім ел билеуі үшін сайлауға түсетінін айтқан соң басталған ереуілдерді — «саяси дағдарысты» Алжир конститутциясындағы арнаулы баппен шешуге шақырды. Әлгі бап бойынша, президент өз міндетін орындай алмаса, Конститутциялық кеңес оны «қызметке жарамсыз» деп тани алады. Осылайша, президенттің орны босайды да, елде мерзімінен бұрын сайлау өтеді.

Бас штаб басшысы конститутцияға негізделгендіктен бұл ұсынысты «ымыралы» санайды.

Биыл 10 ақпанда Алжир президенті Әбделазиз Бутефлика сәуірде өтетін сайлауға қатысатынын жариялаған. Осыдан кейін елде мыңдаған адам жаппай наразылыққа шығып, Бутефликаның биліктен кетуін талап еткен. Бір айдан соң, 12 наурызда, Бутефлика сайлауға түспейтінін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: «Режимнің ұзақ ауыспағаны ұқсайды»

Бутефлика бұған дейін төрт рет сайлауға түсіп, жеңіске жеткен. 2013 жылы инсульт алып, содан бері жұрт алдына шықпады.

1991 жылы Алжирде діни топтар мен билік арасында азаматтық соғыс басталды. Бутефлика билікке елдегі азаматтық соғыс кезінде, 1999 жылы, келді. Ол Алжирдегі азаматтық соғысты тоқтатып, елде бейбітшілік орнатты. Қазір наразылыққа шыққандардың арасында «президентке қарсы емеспіз, ол Алжир үшін көп іс тындырды. Бірақ қазір президент болуға денсаулығы келмейді» дейтіндер де бар.

Azattyq