“Алыптарға арналған” жолды салу мерзімі ұзап барады

0

Түркістан облысы, Отырар ауданында 25 шақырым жолды жөндеу жұмыстары екінші жылға созылуда. Құжаттар бойынша «Шәуілдір-Көксарай-Байырқұм» жолын жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айында тапсырылуы тиіс болатын. Алайда жұмыс жоспардағыдай болмай, жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғанына екі аудан асты.

«Ақжол» құрылыс компаниясы аталмыш жолдың 25 шақырымын жөндеуге 904 миллион теңгеге келісім-шарт түзген. Дегенмен де, жолдың 18 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалған бөлігіндегі асфальтті толығымен алып тастаған. Келісім-шартта 2022 жылдың наурызында жұмыс толық бітуі керек болса да, мердігер жолдың қалған бөлігіне жөндеу жұмыстарына асығар емес. Шешім ретінде, мердігер жолға «қамал салатын» тастарды төккен.

Айта кету керек, құжаттар бойынша асфальт астына төселетін шағал ГОСТ 23735-2014 мемлекеттік стандартына сай болуы міндетті. Яғни, тастардың көлемі небәрі 2 сантиметрден аспауы тиіс. Бірақ аталмыш жолға төселген тастардың көлемі тіптен сын көтермейді. Аса ірі тастарды көлік жүргізушілері өз күштерімен жолдың шетіне шығарып тастаған. Әйтпесе жолда жүру мүмкін емес.

Нәтижесін тек Шытт ауылының тұрғындары ғана емес, Жетісай, Шардара, Мақтаарал, Келес, Арыс аудандарынан Түркістанға баратын тікелей жолмен жүрген бүкіл жүргізушілер зардабын шегіп отыр. Жергілікті ауыл тұрғындарының айтуынша жолдың қирап жатқанының салдарынан жүк көліктері мүлдем келмей қойып, бақша өнімдерін базарға жеткізе алмай қалған.

Алдымызда жауын-шашын науқаны тақап қалғанын ескеретін болсақ, бұл жолмен амалсыз жүрген көлік жүргізушілерінің жағдайы тым ауыр болмақ. Мұны уайымдаған ауыл тұрғындары, жақын арада мәселе шешілмесе, митингке шығуға дайын екенін айтуда.

Жолдардың сапасына қатысты шағымдарыңыз болса 1463 орталығына хабарласып, немесе adildik.kz/kz/project сілтемесі арқылы арқылы арыздануыңызға болады.