«Алып кет деп жылайды»: Қазақстанға келе алмай қалған әйелдің 3 баласы жетімдер үйіне өтіп кеткен

0

23 жыл Сарыағаш қаласында тұрған Өзбекстан азаматы наурыз айында туған жеріне кеткен екен. Енді шекараны кері кесіп өте алмай жүр. Ал Қазақстанда қалған үш қызы жетімдер үйіне өтіп кетіпті. Балаларын 8 айдан бері көре алмай жүрген әйел енді жергілікті биліктен көмек сұрайды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, Елена Тен 1997 жылы ата-анасы және екі бауырымен Ташкенттен Қазақстанға көшіп келген. Алайда содан бері мектепте оқуға мүмкіндігі болмай, Сарыағаштың жылыжайларында жұмыс істеп жүре беріпті. Азаматтық алуға да өтініш тастамаған, дейді тілші. Оның қазіргі уақытта 12, 5 және бір жасқа толмаған 3 қызы бар. Өзбекстандық төл құжатының мерзімі өтіп кеткен соң жаңартпақ ниетпен осы жылдың наурыз айында Ташкентке аттанған.

Артынша Қазақстанда карантин, шектеу шаралары басталғандықтан, шекара жабылып, өзі Өзбекстанда, қыздары Қазақстанда қалып қойыпты. Содан бері 38 жастағы әйелдің шекара жағалап жүргені белгілі болды. Елена қыздардың үлкені мен ортаншысын өткен жылы босанар кезде уақытша Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына өткізген. Ал өзі Өзбекстанда қалып қойған соң танысына тапсырған кенжесі де бөбектер үйіне жөнелтіліпті. Қазіргі уақытта қыздардың жағдайы жақсы. Олар аптасына екі рет аналарымен видео қоңырау арқылы хабарласып тұрады, дейді тілші.

«Сөйлескен кезде сағынады. Жылайды. Бір-бірін алып кетші деп сұрайды. Енді ол тек анасының қолында болмай тұр ғой. Қолында болса алып кетер еді. Бірақ байланыс бар. Сөйлесіп тұрады. Балалар анасын көріп тұрады видео арқылы», — деді Шымкент қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Назгүл Құрманәлиева.

Телеарна мәліметінше, үш қыздың үлкені Виктория Өзбекстанда өмірге келгендіктен сол елдің туу туралы куәлігі бар. Ортаншысы 5 жастағы Инганың құжат түгілі, нақты қай күні туғанын ешкім білмейді екен. Бір жасқа енді толатын кенжесі Александраға бөбектер үйіне өткен соң ғана құжат жасалған көрінеді. Анасы мен үш қыздың құжаттарын рәсімдеп, кездесуіне күш салып жүрген «Сана сезім» ұйымы Елена Тенге карантин кезінде елімізге кіру үшін рұқсат беретін анықтаманы екі рет алдырып берген екен. Алайда, белгісіз себептермен Өзбекстан жағы өткізбей қойғанын айтады. Қазіргі басты мақсат қыздарды анасымен қосу дейді олар.

«Үш қыздың тек екеуінде ғана құжаты болғаны анасымен кездесуге қолбайлау болып тұр. Келесі апта ортаншы қыздың туу тегін анықтау бойынша сот отырысы болмақ. Соттың шешімімен ары қарай ортаншы қызы Ингаға құжат жасалса, анасымен жолықтыру қиынға түспес деп ойлаймыз», — деді қоғамдық бірлестіктің үйлестірушісі Раушан Құдайшүкірова.