Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қатысты іс қайта қарала ма? — депутаттар пікір білдірді

0

Депутаттар «Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты тергеу жұмыстары қайтадан жүргізілуі керек» деп есептейді. Бұл туралы NEGE.KZ сайты зерттеу материалдарында жазады.

2006 жылы 13 ақпанда мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, журналист Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің денесі Талғар маңындағы тау ішінен табылған еді. Сот процесі екі қайтара өтіп, тапсырыс беруші ретінде Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың аты-жөні аталды. бірақ бұл істің күдікті тұстары әлі де көп.

Айта кетейік, қазіргі Парламент Мәжілісі депутаттарының арасында оппозициялық «ДАТ» газетінің бұрынғы бас редакторы Ермұрат БАПИ мен өзін «Алтынбек Сәрсенбайұлының шәкіртімін» деп есептейтін, марқұмның көзі тірісінде қасында жүрген саясаттанушы Айдос САРЫМ бар.

«NEGE» тілшісі мәжілісмендерге саясаткердің қазасына қатысты сұрақ қойды.

Ермұрат Бапи, депутат:

Міндетті түрде депутаттық сауалнама жолдаймын:

— Заманбек Нұрқаділовтың 80 жылдығына байланысты ас беріліп, мемлекет басшысы өз атынан құттықтау жолдады. Яғни Қазақстанның жаңа тарихындағы ақтаңдақтардың мәселесін анықтау жөніндегі процесске қозғау салынды деп ойлаймын. Егер президент Заманбек Нұрқаділовтың мемлекет алдындағы еңбегін бағалап, құттықтау жолдап жатса, саяси тұрғыдағы қастандық пен қаза тапқан азаматтарға қатысты әлдебір процестің басталғаны деп есептеймін. Осы тұрғыдан келгенде Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты тексеру жұмыстары қайтадан жүргізілуі керек.

«Алтынбектің қазасына байланысты жекелеген тағы да бір ақпараттар шығып жатыр» деп маған азаматтар хабарласты. Жуықта соған байланысты менің қабылдауыма келеді. Сол кезде анық-қанығын біле жатармын. Бірақ ол бір ғана куәгердің ақпаратынан туатын деректер ғой. Меніңше, оны тиісті мемлекеттік органдар, прокуратура органдары тереуге алып, тексеруі керек деп ойлаймын. Бұл мәселеде мен міндетті түрде депутаттық сауалнама жолдаймын.

Абсолюдты тұрғыда демократиялық нәтижелерге жеткізе қойған жоқпыз. Тіпті демократиясы дамып кетті деген АҚШ-тың өзінде де біраз кереғар мәселелер шығып жатыр ғой. Сондықтан, Қазақстандағы келешегі әлі алда. Бізде мүмкіндік, потенциал әлі бар деп ойлаймын.

Айдос Сарым, депутат:

Біз сол жолдамыз

– «Маркер істер» дейді ғой, егер осы мәселелер айтылса, шындық орнап жатыр деген түсінік бар. Сондықтан сол істер қайта қаралуы керек сияқты. Ең бастысы іске қатысқан адамдар аман болсын.

Мен білсем, Зәкеңнің ісі қиындау. Бірақ Алтынбек Сәрсенбайұлының ісіне кемінде ондаған адам қатысқан. Сондықтан олардың бәрінің жаңа пікірлерін біліп шығу – тергеудің қолында. Менің ойымша, тиісті жұмыстарды атқаруға болады. Біз сол жолдамыз. Ол бір күнде келмейді. Оны Алтынбек Сәрсенбайұлының өзі де түсінетін. Бірақ сол жолда жұмыс істеп жатырмыз.

 Нартай Аралбайұлы, депутат

Қоғам талап етіп жатыр

— Алтынбек Сәрсенбайұлы – Алаштың аяулы азаматы, мемлекетшіл үлкен қайраткер. Биліктің кем-кетігін көрген кезде тайсалмай айтқан, қара басына қатер төнетінін білсе де, шындықты айтуға ешқашан тартынбаған азамат. Біз осындай азаматтарды құрметтеуіміз керек, мақтануға тиіспіз.

Саясаткердің қазасына қатысты қоғамда түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып жатыр. Соңғы күндері қарасаңыз, осы іске қатысты тергелген кейбір азаматтардың, кей сарапшылардың айтып жатқан ашық пікірін көріп жатырмыз. Сондықтан бұл айтылған жайыттардың барлығы тиісті құзырлы орындардың барлығына қажетті құжаттарына түсті деп санаймын. Өйткені кез келген мұндай жағдайға, сигналға назар аударуымыз керек.

Меніңше, құзырлы органдар өздерінің құзыретінің шеңберінде қандай жағдай болмасын, кез келген уақытта тергеуді қайтадан бастауға мүмкіндігі бар. Сондықтан сол құзырлы органдар расымен де қандай да бір күдіктің бар екенін білсе, айыптылардың әлі де лайықты жазасын алмағанын білсе және қоғамның талап етіп жатқанын көрсе, бұл тергеуді өздерінің құзыреті шеңберінде қайтадан қарастыру мүмкіндігі бар деп сенемін. Ал қоғам осыны талап етіп жатыр.

Демократия деген түсінікті барлығымыз жақсылап түсініп алғанымыз дұрыс. Жүз пайыз абсолюдті демократия қай жерде бар және біз неге ұмтыламыз? Мен демократия — халықтың талап-тілегі ескерілетін, оларға билік құлақ асатын және тиісті шешімдер рет-ретімен жүзеге асатын үлкен қоғам деп білемін. Біз соған жетуге тырысуымыз керек. Алтынбек Сәрсенбайұлы көзі тірісінде адам құқықтары, демократия, әділ сайлау туралы көп айтты. Сондықтан бұл іс қайта тергелуі керек деп есептеймін.