Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы туралы Назарбаев пен оның қызынан жауап алуға шақырды

0

11 ақпанда Алматыда осыдан он төрт жыл бұрын жанындағы екі серігімен бірге қастандықпен өлтірілген оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алды. «Астана» қонақ үйінде өткен шараға саясаткерлер, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар мен жазушылар қатысып, марқұм туралы естелік айтты.

Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы журналист Рысбек Сәрсенбай шарада оқыған «Арнаулы баяндама» атты үндеуінде бауырының қазасына байланысты елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы, қазір парламент сенатының спикері Дариға Назарбаевадан жауап алуға шақырды.

«Қазаның құпиясы әлі толық ашылмады. Тапсырыс берушінің аты-жөні нақты аталмады. Негізгі күдіктілер тасада қалып қойды. Назарбаев күйеубаласы [Рахат] Әлиевті дер кезінде жауапқа тартқан жоқ» деді ол.

Рысбек Сәрсенбай туысының қазасына байланысты күдікті ретінде экс-президент пен оның қызынан жауап алуды талап ететінін мәлімдеді.

«Ол үшін «Елбасы туралы заң» (Назарбаевтың заңмен бекітілген бұл мәртебесі оны кез-келген қудалаудан қорғауға кепілдік береді — ред.) жойылсын. [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев осы талабымызды орындасын» деді ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы. Сонымен бірге ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, қазір шетелде тұратын Әлнұр Мұсаев та жауапқа тартылуы керек деп санайды.

Оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосынды 2006 жылы 11 ақпанда Алматыда ұрлап әкеткен. Қарудан атып өлтірілген үшеуінің сүйегі екі күннен кейін Алматы іргесіндегі тау бөктерінен табылған болатын.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмысқа байланысты жүргізілген ресми тергеу қастандықты «кек алу мақсатымен»

тудырған қылмысқа байланысты жүргізілген ресми тергеу қастандықты «кек алу мақсатымен» ұйымдастырушы деп сенат аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бірнеше офицерін соттады. Тапсырысты орындаушы ретінде полицияның бұрынғы қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрмеге қамалған. Ибрагимов сот кезінде айтқанынан бірнеше жылдан соң айнып, жаңа куәлік берген. 2014 жылы желтоқсанда Сәрсенбайұлының қазасын қайта қараған сот Рүстем Ибрагимовтың мәліметтері негізінде, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты кісі өлтіруге тапсырыс беруші ретінде таныған. Ол екеуі өздеріне тағылған айыпты жоққы шығарған.

Өзінің «Өкіл қайын ата» кітабында саясаткерді қастандықпен өлтіруге тапсырыс берген адамдарды Қазақстанның жоғарғы басшылығы арасынан іздеу керек деп жазған Рахат Әлиев 2015 жылы 24 ақпанда Австрия астанасы Вена түрмесіндегі камерадан өлі күйінде табылған. Түрме әкімшілігі Әлиев «өз-өзіне қол салған» деп мәлімдеген еді.

2014 жылы қарашада сот шешімі бойынша бостандыққа шыққан Ержан Өтембаев 2018 жылы маусымда қайтыс болды.

Azattyq