Алтынбек Сәрсенбайұлы еш уақытта оппозиционер болған жоқ – жазушы (ВИДЕО)

0

Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында белгілі мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне, жауларына, ұстанымдарына қатысты тың деректер айтты.

Алтынбектің өліміне қатысты біздің қолымызда заң орындарының тергеу-тексеруінен басқа ештеңе жоқ. Бірақ ол тікелей жүйенің құрбаны дегенге келіскім келмейді. Бірақ сол жүйенің ішіндегі жекелеген адамдармен ашық жау болғанын білемін. Солардың қолынан болған қаза шығар деп ойлаймын, — деді Жүсіпбек Қорғасбек.

Сондай-ақ ол Алтынбек Сәрсенбайұлын еш уақытта оппозиционер болған емес деп отыр.

Мен білетін Алтынбек Сәрсенбайұлы еш уақытта оппозиционер болған жоқ. Ол – оппозицияның адамы емес, мемлекетшіл адам. Ол мемлекетке қызмет етті. Мемлекеттік қызметте жүріп те, мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін де мемлекетке қызмет етті.

Сендер қашан көрдіңдер, Алтынбек Сәрсенбайұлының көшеге шығып, белгілі бір топтың алдында айғайлап жүргенін? Көрген жоқсыңдар ғой. Мен де көрген жоқпын», — деді жазушы сұхбат барысында.

Оның айтуынша, Алтынбек Сәрсенбайұлы өзі қызметтен кеткеннен кейін оппозициялық күштерді мемлекеттік жүйеге, сол жүйеде қызмет етіп жатқан адамдарға ықпал ету үшін пайдаланған.

«Сол жауапкершіліктен шыға алған жоқ. Тіпті, қазасына да сол ықпал етті. Әрине, мемлекеттік қызметтегі белгілі бір адамдармен жеке дұшпандығы да болды. Сонымен бірге жүйені ауыстыру керек деген мәселені көшеге шығып емес, іштей ауыстыру керек дегенді қозғады және сондай жүйені өздерінің қолымен ауыстырғысы келді», — дейді Жүсіпбек Қорғасбек.