«Алтын тақпадым»: Күміске көңілі толмаған құдағи бесік тойдан кейін шу шығарған — новости Казахстана

0

Қазақ елінде күні бүгінге дейін өзіндік мән-мағынасын жоғалтпаған салт-дәстүрлер жетерлік. Солардың бірі — «Бесік тойы». Жаңа туған нәрестені қырқынан шығарғаннан кейін мереке дүркіретіп атап өтіп жатады. Алайда, еліміздің бір қаласында өткен «Бесік тойдың» соңы дау-дамайға ұласып, өзара ренжіскен құдалардың арасы суып кеткен. Оқиғаның қалай болғанын Маржан есімді келіншек NUR.KZ-ке баяндап берді.

Көрнекі фото: comode.kz

Көрнекі фото: comode.kz

Келіншектің сөзінше, бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын, яғни ағасының баласы үйленген кезде болған. Олар Атырау жақпен құдаласқан.

«Ерланның келіншегі де атыраулық. Адай руының текті қызы, есімі Арай. Оқыған әрі беделді қызмет атқарады. Құдаларымыз өте ауқатты тұратын кісілер. Ағамның да дөңгелетіп отырған кішігірім кәсібі бар. Жақында Арай босанып, дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Бұл қуанышты жаңалықты бәріміз асыға күткен едік», — дейді Маржан.

Жаңа туған нәресте салтқа сай қырқынан шығарылып, отбасы «Бесік тойына» дайындықты бастап кеткен. Ағайындардың барлығы шақырылып, ірі қара сойылыпты. Тойдың алдында Ерланның анасы сәл науқастанып қалып, біраз шығын емге кеткен екен.

Соған қарамастан қолдан келгенше дастархан жайылып, тәттілер қонақтарға ұсынылыпты. Қуанышты бөлісуге келген туысқандар нәрестеге көрімдік беріп, діни –жоралғылар талапқа сай жасалған.

«Арайдың анасы үлкен дайындықпен келгені байқалды. Бесіктің екі түрін әкеліпті. Бірі қымбат ағаштан жасалынған болса, екіншісі электронды бесік. Баланың жазғы-қысқы киімдері толықтай түгел болды. Бағасы қымбат дүниелердің сапасы да жоғары екенін байқадық. Сәбидің бөлмесі ойыншықтарға толды.

Тіпті велосипед пен самокат та болды. Коляска мен «ходунокты» да алуды ұмытпапты. Барлық заттарын үлкен көлікке тиеп әкелген екен. Әулиетіміздің үлкендеріне де сый –сияпат жасады. Шашуын шашып, кішкентай балаларға да әкелген ойыншықтарын үлестіріп берді», — дейді атыраулық келіншек.

Өзінің сыйлықтарын көпшіліктің алдына мақтана көрсеткен құдағи қатты қуанып отырғанын жасырмаған. Әкелген сыйлықтарға жауап ретінде Ерланның анасы да сый –сияпат жасапты.

«Жеңгеміз құдағиға керемет сый жасады. Қолөнер шеберіне арнайы тапсырыс беріп, күміс комплект жасатыпты. Сырға мен сақина өте әдемі екен. Арайдың анасына өте жараса кетті. Сол жерде отырған кісілердің де көңілінен шықты», — дейді кейіпкер.

Алайда, арада бір-екі күн өткенде Арайдың көңілі бұзылып, күйеуімен жанжалдасып қалған. Құдағи «Бесік тойында» алтын емес күміс таққанына ренжігенін қызына айтқан екен.

«Құдағиымыз алтын тақпағанына ренжіпті. Тіпті Ерланның анасына хабарласып, жұрттың көзінше қорланғанын айтыпты. Күміс емес, алтын комплектіні қалағанын жеткізіпті. Алайда, женгеміздің алтын алуға мүмкіндігі болмай қалғанын естігенде, тіпті ашуға бой берген екен. Осы жағдай екі жақтың арасына сызат түсірді.

Арай да біраз уақытқа дейін көңілсіз жүріп, үй тіршілігін енесінің өзі атқарып жүрді. Қолы қысқа болып қалған отбасында «Бесік тойы» осылайша жанжалмен аяқталды», — деді Маржан.

Қазір құдалар бұрынғыдай жақын араласпайтын болыпты. Намысы тапталған күйеу бала енесіне алтын алқа тағыпты. Алайда, Маржанның айтуынша, қонақтардың көзінше берілмеген бұл сыйлықтың құны болмай қалыпты.

Дереккөз: kaz.nur.kz