«АЛТЫН ТАҚ» – ЕЛ ҚУАНАТЫН ТУЫНДЫ

0

Қазақ тарихы үшін желтоқсан айы – үлкен бір тарихи белес. Өйткені осыдан 100 жыл бұрын, яғни 1917 жылдың 5-12 желтоқсанында ІІ қазақ құрылтайында Алаш автономиясы құрылғаны белгілі. Ол екі жыл өмір сүрді. Совет үкіметі автономияны жойып, оның орнына 1920 жылы Қазақ-қырғыз республикасын құрды. Дәл сол кездері қазақ тәуелсіздігінің туы құлағандай болған еді.

Тәуелсіздікке деген қазақ элитасының ұмтылысы, талпынысы ешқашан тоқтады деп айтуға болмайды. Соның бір көрінісі – 1986 жылғы Алматыдағы жастардың көтерілісі. Қазақстан басшылығына Қонаевтың орнына Колбиннің келуі жастардың қарсылығын тудырды. Ол жерде әр ұлт өз көсемін сайлауға құқы бар деген ұран айтылды. Жастар сол мақсатына жете алды. Ұлттың бойындағы тәуелсіздік арманы ақыры 1991 жылы желтоқ­санның 16-сында жүзеге асты. Яғни, біз Тәуелсізді­гімізді жария­ладық. Сондықтан да 16 желтоқсан – қазақ тарихындағы жүздеген жылға созылған қазақ арманының жүзеге асқан күні.


Тәуелсіздік жарияланған тұста Қазақ­стан Совет Одағының бір республи­касы болатын. Сол себепті Одаққа саяси жағынан да, экономи­ка­лық тұрғыдан да тәуелді еді. Совет Одағының қолтығынан шығып, саяси да, экономикалық та, рухани да қираған империяның орнында тарихи тауқыметтермен тәуелсіз Қазақстан жалғыз өзі бетпе-бет қалды. Бір жағынан, тарихта тұңғыш рет өзіміздің Тәуелсіздік туымызды көтеріп, мәз болып жатсақ, екінші жағынан, қираған империяның орнында не жұмыс жоқ, не белгілі бір экономикалық жүйе жоқ, еркін нарықты игереміз деген талпыныспен ғана қалып қойдық. Оның үстіне, еліміздегі қазақтар­дың саны елу пайызға жетпеді. Дәл осы шақта солтүстік облыстарда сепаратистік көзқарас­ бұрқ етті. Олардың көкейінде «облыстарды бөліп аламыз» деген сайқал саясат тұрды. Түрлі ұрандар айтыла бастады. Бұл тәуелсіз елдің, тәй-тәйлап алғашқы қадам басқан тұсында кәдімгі отты өзенге түскен­дей жағдай болды. «Бол­май жатып, бордай тозатын» жағдай­мен бетпе-бет келдік. Мемлекет басшы­сы осындай аумалы-төкпелі кезеңде бір қадам қате жіберген болса, онда Қазақстанда азамат соғысы баста­лып кетуі ғажап емес еді. Дәл сол кезеңде еліміздің ішінде ғана емес, сыртта да «солтүстік облыстар біздікі» деген ұрандар айтыла бастады. Дәл осындай алапат-ғаламат сезімді Елбасы да бастан кешірді деп ойлаймын. Екіншіден, советтік цензура, қатал тәртіп, бәрі құлады. Сөйтіп, елімізде «жабайы» сөз бостандығы басталды. Көшеге шығу, айқай-шу жиі естіліп жататын. Өйткені батыстық демо­кра­тияны бір күнде алып келуге тырыстық. Сөйтіп, көптеген партия, ұйымдар құрылды. Бұл да дұрыс шығар. Алайда ең бірінші мақсат тәуелсіздіктің туын жығып алмау болатын. Қазақ халқы осы Тәуел­сіздік туының астына шоғырланды. Сағынып қауышқан, ғасырлар бойы талай қан кешулерден аман қалған ұрпақ қиындықтарға қарамастан, Тәуел­сіз­дік туының түбіне жиылды. Өзі көтерген байрағын құлатпау үшін неге де болса дайын болды. Сондай қылкөпір мезгілді бастан кешірдік. Өзге ұлт өкілдері үдере көшті. Бірде әуежайда тұрғанымда бір әйелдің әңгімесін құлағым шалған еді. Ол: «Бұлар ел болмайды», – деді. Мұн­дай жорамалды айтқандар өте көп. Олардың бәрінің көкейінде «ел болмайды» деген күмән тұрды. Осындай сұрапыл, әрбір сағаты, әрбір күні ғасырға татырлық сынақ мезгілін бастан кештік. Елде жұмыс­­сыздық көбейді. Қайтсек тығы­рықтан шығамыз деп, жұмыс­сызға жұмыс тауып беру, қарнын тойдыру, зейнетақысын төлеу ең бірінші орынға шықты. Өйткені аш халықтың даусы ащы шығатын еді. 27 жылдың ең басты байлығы аман қалған азаттығымыз, аман қалған елдің тұнығы шайқал­ма­ған тыныш­ты­ғы дер едім. Бұл – бағасы жоқ құндылық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғы­ру» бағдар­­ламасы арқылы рухымыз­ды дүр сілкін­тіп еді. Жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғырудың» заңды жалғасы. Ес жинаған қазақ елін өзінің түп тамы­рын айқындауға, белгілеуге үндеді. Өйткені Қазақ­стан 27 жасқа келген жас бәйтерек десек, сол бәйтеректің оңнан, солдан соққан дауылға төтеп беруі үшін оның тамыры тереңге кетуі керек. Тарихи тамыры келте болса, ол төтеп бере алмас еді. Тарихи шындықты Президентіміз терең ұққандық­тан бүкіл елге ұлы даланың тарихын терең зерттеуге үн тастады. Оның ішінде мәдениет, әдебиет, кино өнерін дамыту қажет­тігін ашық айтты. «Біздің ұялатын ештеңеміз жоқ», – деді Елбасы. Отаршыл­дар жаз­ған тарихтан арылатын мезгіл жетті. Президент­тің: «Өз тарихы­мыз­д­ы аршып, анықтап алайық» деген сөзі көкейі­мізден шықты. Ұлт мақтана­тын тұлғаларды да ерекше атап өтті. Әл-Фарабиден бастап, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары ханның есімдеріне айрықша тоқталды. Тұлғаларды кинодра­ма­тургия­ның қуатымен кино саласын­да тірілтуді қолға алу керегін айтты. Өз тарихымызды өзімізге қимады отаршыл саясат. Кезінде Алтын орда туралы сцена­рий жазып едім. Цензурадан өтпеді. Бойда үлкен арман қалды. «Ұлы даланың жеті қыры» туралы мақала сол арма­ны­мыздың жолын ашатын жоба болды. Ендігі мақсат – осы көтерілген ұран­ға сай қызмет ету. Соңғы бір жыл ішінде «Қасым хан» атты сцена­рий жаздым. Сол сценарийдің желі­сімен туынды дайындалып жатыр. Абылай хан туралы да кино­сценарий жазу ойымда бар. «Темірді қызған кезде соғу» қажет. Қазақ­фильм жылына бір-екіден тарихи кино дайындап тұруы тиіс. Сол жолда біз жұмыс істеп жатыр­мыз. Тағы бір айтатын нәрсе, Елбасы­ның тапсырмасы­мен «Алмас қылыш» фильмі түсірілді. Кино­эпо­пея сериал болып, теле­арна­дан көрсе­тілді. Түсірген режис­сер – Рүстем Әбдіраш. Сол «Алмас қылыш­тың» жалғасы «Алтын тақ» өмірге келді. Жаңа жыл қарса­ңында кино­театрлардан көр­се­­тіледі. Қазақ көрер­мен­ін жаңа бір тари­хи дастанның дүниеге келуімен құт­тықтағым келе­ді. «Алтын тақ» – қуануға лайық туынды.

Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы, кинодраматург

Дереккөз: Айқын

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз