«АЛТЫН ДОМБЫРА» ЖАЙЫҚҚА КЕТТІ | «Айқын» газеті

0
116

«Алтын домбыра» – қорытынды айтыс. Есеп беру. Бір жыл ішінде өткізілген респуб­ликалық, халықаралық айтыстардың жеңімпаздары шығатын дода. «Алтын домбыра» десе, елдің де елең ете қалатыны сондықтан. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен «Астанам, сенсің ардағым» атты жыр сайысына 20 ақын қатысты. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан­дар­дың айтысынан жұрт өрелі сөз, салмақты ой күткені анық.

Биылғы «Алтын домбыра» айтысы Астана қаласының 20 жылдығына тұспа-тұс келді. 20 жылдық тойға 20 айтыскердің қатысуы да заңдылық. Олар: Мақсат Ақанов, Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Ринат Зайытов, Болатбек Оразбаев, Тіле­ген Әділов, Қазі­рет Бердіхан, Дидар Қа­миев, Төлеген Жа­манов, Айбек Қалиев, Ме­йірбек Сұл­танхан, Аспанбек Шұғатаев, Серік Қуан­ған, Сырым Әділбек, Рүстем Қайыртай­ұлы, Еркебұлан Қайназаров, Шалқарбай Ізба­саров, Әсем Ережеқызы, Ершат Қай­болдин, Нұрмат Мансұров. Жыр додасын айтыс жанашыры, төл өне­рі­міздің ысты­ғына күйіп, суығына тоңып жүр­ген белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізді.
Әділқазылар алқасы құрамына Қазақ­станның Халық артисі Асанәлі Әшімов, ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы Байғанин Мұхаметқали, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Аманжол Әлтайұлы, про­фессор Көлбай Асанов, Ахметжан Өз­бе­ков, ақын, сазгер Серік Қалиев болды. Осы жолғы айтыстың өзгешелігі алғашқы кү­ні тәуелсіз сарапшылар пікір айтты. Олар – сыншы Әмина Құрманғалиева, Ба­­уыржан Халиолла, Дәулеткерей Кәпұлы.
Айтыстың ашылу салтанатын Мәде­ниет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директоры Әбіл Жоламанов пен «Нұр Отан» партия­сының хатшысы Қаныбек Жұмашев сөз сөйлеп ашты.
– Алматы қаласы Тәуелсіздігіміздің ал­тын бесігі болса, елордамыз Астана қа­ла­сы – тәуелсіздігіміздің баянды болған жері. Бүгінгі сөз бен саздың дарабоздары жи­налған сайыс Астана қаласының 20 жыл­дығы мен Тәуелсіздік мейрамына сай ке­луінде үлкен мән бар. Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздің тәуелсіздігі нығая түс­ті. Әлі де алар биігіміз, асар асуымыз бар. Бұ­ған да ауызбірішіліктің, татулықтың арқа­сында жетеміз. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып,
Қауымға келмейсің,
Барыңды,
Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт – осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің! – деп жырлағандай бар­ша­ңызға ғибратты ғұмыр тілейміз. Ме­ре­ке құтты болсын! – деді Қаныбек Жұмашев.

«Қызаруды білмейтін қыздарыңнан,
ұялуды білмейтін ұл туады»

«Алтын домбыраның» алғашқы күні са­йысқа 10 жұп шықты. Сағат үште бастал­ған жыр додасы түнгі 11-ге дейін ұласты. Залға жиылған қауым тоғыз сағат бойы 20 ақынның айтысын тапжылмай тыңдады. Жақсы сөзге марқайып, сүйікті ақынын қолпаштап отырғандар да көп болды.
Айтыстың шымылдығын ақтөбелік Ершат Қайболдин мен астаналық Нұрмат Мансұров ашты. Екі ақынның айтысы ел күткендей болмаса да, жүрек тебірентер жақсы ой айтылғаны анық. Кейде деле­беңді қоздырып, атойлап отыратын аға­йын болмаса, ақынның айтқан сүбелі ойлары көрінбей қалатыны бар. Әйтпесе, Нұрмат ақын көпке ой салатын, жұрт­шы­лықтың жан жарасына айналған про­бле­маларды жырына арқау етті. Ол «алыстан аңсап келген қандастардың, қадірі тұр құлтемір құрлы болмай» дейді.
Ақынның:
«Ал қазіргі аяймын оқушыны,
Ә дегеннен үш елдің тілін білер.
Сөмкесінің салмағын көтере алмай,
Басы қатып балада бүгілді бел.
Тапсырманы үйіп төгіп, езіп жаншып,
Аяқ жолдан болдық қой сүріндірер.
Жыл сайын бір жобаны ойлап тапты-ау,
Жоғарыда отырған «білімділер».
Таудай бала шықпайды-ау деп қорқамын,
Желбіретіп биікке туыңды ілер.
Тарыдай ғып кіргізген баламызды,
Талқан қылып жатқандай бүгінгілер!» деген жыр жолдары көптің есінен шық­пасы анық.
Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен астаналық Әсем Ережеқызы «қыз бен жі­гіттің» әдемі сайысын жасады. Қашанда қағытпаға дайын тұратын Шалқарбай ақын бұл жолы да қарсыласын қалжыңмен түйреп, өткір әзілімен сүйкеп кетті. Қар­сыластан ыға қоятын Әсем бар ма, қал­жыңға қалжыңмен жауап беріп, қайым айтыс жасады.
Ақындардың келесі жұбы – Рүстем Қайыртайұлы мен Еркебұлан Қайназаров өрелі айтыс жасады. Екі ақын да шаппа-шапқа жүйрік. Екеуінің де көп ізденетіні байқалады. Қоғамды елең еткен мәселе­лер­дің бәрі – екі ақынның жырына арқау болды.
Рүстем ақынның: «Жүргеновтей Мәс­кеуге бармасам да, Жүрсінге еріп, Астанам, саған келдім», «ақиқаттың ал қызыл жебе­сіндей», «ойлайтын дүниенің бәрі азайды», «қызаруды білмейтін қыздарыңнан, ұялуды білмейтін ұл туады» деген жұп-жұмыр ұтымды тіркестері көп-ақ.
Қазағым қилы-қилы заман көрдің,
Тарландай тас жүректі адам көрдің.
Сәлеміңмен сөз бастап санам менен,
Отызыншы жылдарға тамам келді, – деп бастаған Рүстем Қайыртайұлы өткен ғасырдың 30-жылдары Мәскеуде өткен онкүндікте Құрманбек, Ілияс, Жамбыл, Манарбектің ерлігін жырлай отырып, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали, Шерхан Мұртазаны еске алып, бүгінде алыптардың азайып бара жатқанын тілге тиек етті.
Тайсалмайтын, қай кезде де еркін көсілетін жүйрік ақын Еркебұлан Қайна­заровтың әрбір уытты сөзі сұр жебедей көздеген жеріне дәл тиіп жатты.
– Ешкіммен қырқыспай-ақ қойсам деп ем,
Құдайдың жалға берген бес күнінде.
Қолқалап, мені қайта шығардыңдар,
Енді қамсыз қалмаңдар ешбірің де, – деп жыр бастаған ақын.
Туған жерім облыс болып жатса,
Тәубе деп айту керек бұл тұста әркім.
«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой»,
Топырағынан тәбәрік, жыртыс та алдым.
Мен бірақ жерге, ұлтқа бөлінбеймін,
Ұлтым деп сөз бастайтын ғұрып ұстан­дым, – деп шырқады. «Төгіліп, толғап айт­сам, Түркістанмын» деп төгіле сөйлеген ақынын қалың тыңдарманы да сағынып қалыпты. Біраз уақыт айтыс сахнасында көрінбей кеткен Еркебұлан­ның да жыр са­йысын аңсап жеткені байқалады. Екі ақын да жырдан маржан терді. Әрдайым ізде­ніп жүретін Рүстем де, айтыс десе, «су тө­гілмес жорғадай» тайпалып шыға келе­тін Еркебұлан да өз бабында екенін көрсетті.

«Апорттың отаны емес, аборттың отанына айналмайық»

Сырдың оғланы Мейірбек Сұлтанхан мен павлодарлық ақын Аспанбек Шұға­тевтың сайысы да көпшілік күткен өрелі айтыстың бірі болды. «Жыраулардың сарқытындай» Аспанбекке Мейірбек те осал тимегені анық. «Жасай бер, жайнай бер, азат халқым» деп бастады жыр дода­сын Аспанбек. «Еркелеп, қара Ертістен ерке Есілге келген» ақын «бақ кетпесін деп тіледім, бағаналы басты ордамнан» деген ақ тілегін жеткізді.
Мейірбек Сұлтанхан: «Орта Азияның ордасы атанған ел» деп, Астананың көр­кем­дігін тілге тиек ете отырып, «бағаналы орда, басты орданың» 20 жылдығына сұлу сөзбен сурет салды. Көркем ойлы, сырбаз ақынның жырын Елорданың жетістігінен бастағаны да көптің көңілінен шықты. Ерке Есілдің бойында қоныс тепкен қаланың әсемдігін суреттей отырып, халықтың мұңын да жырына арқау етіпті. «Тәуелсіздік тойында бүгін елді, баурайық әсем тәтті тілімізбен» дей келе ақын: «би­лікке жағынудың жарысында, біріміз асып түстік бірімізден», «онсызда қызға айнал­ған еркек қаптап, гей клубтар көбейді елі­­мізде», «Сұлтанмахмұт, Мағжанның 125 жыл­дығын, жылы ғана айтқызбай, жап­қан­даймыз», «Кеңестің кесепатын ұлық­тасақ, келер ұрпақ алдында ақталмаймыз», «Бір­танов министрге айтарымыз, бір ұлт­тың тағдырымен ойнамаңыз», «апорттың отаны емес мына түрмен, аборттың ота­ны­на айналамыз» деп кесек-кесек толғады.
Қарағандылық Дидар Қамиев пен алма­тылық Қазірет Бердіханның айты­сында да ел күткен өзекті мәселелер жыр­ланды. «Сексен пайыз орысы бар Цели­ноградты, тоқсан пайыз қазағы бар Астана еткен» деп бастаған Қазірет ақын әуелгі сөзін Астананың 20 жылдығын жырлауға арнады. Қарсыласы Дидарды да сөзбен қағытып, «қымбат көлік» мінетінін де ай­тып кетті. Дидарың да оңай шағыла қой­майтын жаңғақ емес. «Әйтеуір дүниемді санап біттің, әңгіме неге сонша сұйық­тал­ған, сен менің нағашым емес пе едің, қа­ді­рі көрінетін биік таудан» деген Дидар ақын елдік-ұлттық мәселелерді тіліне тиек етті.
Ринат Зайытов пен Мұхтар Ниязовтың, Мақсат Ақанов пен Жансая Мусинаның, Төлеген Жаманов пен Айбек Қалиевтің, Болатбек Оразбаев пен Тілеген Әділовтің, Сырым Әділбек пен Серік Қуанғанның айтыстарына да жұрт сүйсініп, қол соқты. Айтыс көрігін қыздырған Мұхтар мен Ринаттың сайысы болғаны рас. Әрбір сөзі алтындай салмақты Төлеген Жаманов пен Айбек Қалиев те әсерлі жыр өрнегін құр­ды. Қашанда қалтасында қалжыңы жүре­тін, «қыз бен жігіттің» көркем айтысын жа­сайтын Мақсат Ақанов пен Жансая Мусина жұбы жұртты күлкімен көмкерді. Әде­мі әзілге, қазақы қалжыңға құрылған ай­тыс бірінші күннің шымылдығын жапты.

Тоғыз ақын – «Мәдениет» үздігі

Екінші күннің алғашқы сайысқа қара­ғанда, салмағы басым болары анық. Өйт­кені бұл күн – «Алтын домбыраның» тағ­дыры шешілді. Финалға шыққан ақын­дардың қай-қайсысы да Алтынға лайық ақындар. Халықтың «Алтын домбыраны» Рүстем мен Ринаттың да, Еркебұлан мен Мұхтардың да, Болатбек пен Мейірбектің де, Жансая мен Айбектің де, Мақсат пен Төлегеннің де қолынан көргісі келетіні рас. Дидардың залға жиылған жанкүйер­лерінің де тілегі бір. Қазірет ақын үшін де қол соққандар қаншама! Қалай десек те, ақынның бәрі де бас жүлдені алғысы келеді. Бірақ топтан суырылып, алға шыққандар­дың арасында Жансая мен Мейірбектің, Еркебұланның ұпай саны жоғарырақ болды. Ринат Зайытов үшін қиқулаған көрермен көп. Сүйікті ақынына «Алтын домбыраны» лайық көргендердің ойын да түсінуге болады. Рас, Ринат – халықтың сүйіс­пен­шілігіне бөленген ақын. Бірақ, жүлде – біреу. Ал Ринат сол жүлдеге лайық болса, әділқа­зылар да әділ шешім шығарар еді. Алайда екінші күнгі айтыста қарқыны бәсеңдеп қалғанын мойындауымыз керек. Алғашқы айты­сындай емес, қарсыласы әлсіз болды ма, Ринат оза шапқан жоқ. Көп­шіліктің шуы­лына Ринаттың өзі де «Жүл­деге таласым жоқ, ағайын! Айтыс тың­даңыздар» деп басу айтқаны – сондықтан.
Ал бас жүлдені иемденген ақын да осал емес. Көптің көңілінен шығып жүрген Жансая Мусинаны оңай ақын деп айта аламыз ба? Әр айтыс сайын көрерменнің асыға күтетін, сүйікті ақынына айналған. Жансая Мусина сахнаға шығады десе, көпшілік елең ете қалады. Сол себепті, әділ­қазылар «Алтын домбыраны» Жан­саяға бергенінде, ешкім қарсылық таныт­қан жоқ. Бұл ақындардың арасында дара шауып жүрген ақын қыздың еңбегінің бағаланғаны деп біледі. Жансаяға «Ал­тын домбыраны» министр Арыстанбек Мұхамедиұлы табыс етті.
Марғұлан Ақан есімді қолданушы әлеуметтік желідегі парақшасында: «Ал­тын домбыраны» Жансая алды. Бұл жерде ай­тыстағы сөздің мірдің оғындай тиетін тұсы емес, қазақы қасиеттің алға шық­қа­нын аңғаруға болады. Қазақ қашанда қы­зына төрден орын берген. Әр айтыстан қал­май, елдің мұңын айтып жүрген, қа­ғытпаға, әзілге жақын Жансаяға берсе, айып па?!
Поэзияда «сахна ақыны» және «нағыз ақын» деген түсінік қалыптасқан. Сахнаға шығып, «қазағым менің, қазағым» деп ай­ғай­лаған кімге ұнамайды, бәріне ұнай­ды. Ха­лық поэзияның шыңы осы, нағыз ақын осы екен деп түсініп кете бе­реді. Бас­тысы сөзі түсінікті, ұйқасы бар және рухты. Ал нағыз ақын кім? Оның үні сах­на­да емес, оның үні өлеңінде. Ақынды сах­­нада тұрып оқыған өлеңі үшін емес, өле­­ңінде жатқан қиялы мен сезіміне қарай таң­­дау керек» деп жазыпты. Бұл да әлеу­мет­тің Жансаяның өнерін жоғары бағалағаны.
Кешегі айтыста тоғыз ақын бір күнде «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Бұл марапатқа Жүрсін Ерманның да сіңірген еңбегі көп. Үздік атанғандардың қатарын­да – Ахметжан Өзбеков, Бақыт Жағы­пар­ұлы, Бауыржан Халиолла, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Айбек Қалиев, Мейірбек Сұлтанхан, Еркебұлан Қай­на­за­ров, Жансая Мусина бар. Төл өнерді әспеттеп, Астананың төрін ұсынып жүр­ген Мәдениет және спорт министрлігі екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл – ұлт­тық өнерге көрсетілген құрмет!

Тәуелсіз пікір

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы:
– «Алтын домбыра» айтысы – өте қызу, дүрмекпен өтті. Ай­тыс­қа қатысқан 20 ақынның да ешқайсысы осал емес. Кей ақын­ның сахнаға шыққанына – 20 жыл. Барлығы сайдың та­сындай, «ертеден салса, кешке озған, ылдидан салса, төске озған» дейтін­дей, тамаша ақындар. Бірақ, әйтеуір, біреудің жеңуі керек болған­дықтан, кей ақындарға обал болып кетті. Финалға тамаша ақын­дар да өте алмай қалды. Амал қанша, біреу жеңіліп, біреудің же­ңет­іні анық. Бұл – заңдылық. Көңі­лімнен шықпаған бір нәрсе, айтыс ақын­дары жаттандылыққа бой берді. Олар күні бұрын кім­нің кіммен айтысатынын біліп алған. Күні бұрын нені айтып, нені айтпау керегін де меңгерген. Бұл – айтыс жанрына жат­пай­тын нәрсе. Термешілердің не болмаса жыршы-жыраулардың ке­ші емес. Айтысқа тек қана суырыпсалмалық қасиет тән. Поэти­калық, поэзиялық, образды көркемдік те сақталуы қажет. Одан бөлек, айтыс этикасы деген болады. Қазылық етіп отырған адамдарды мақтайды. Бұл үшін олардың ұпайы төмендеуі керек. Сосын көрермендер мәдениеті деген бар. Қазір көрермен де өз­герген. Қит етсе, айғайлап, шулап, сөзге құлақ түрмей кетеді. Ай­ғай-шумен қорқытып-үркітіп, өзі шығарғысы келген ақынын шы­ғарады. Қазір айтыста осындай психология қа­лыптасып бара­ды. Халықта мұндай мінез неліктен қалыптасқан? Себебі, билікті кім жамандаса, соған қол соғады. Мұны ақындар да жақсы мең­геріп алған. Басты мақсат – билікті жамандау деп ұға­ды. Тағы бір дүние, кей ақындар өзі шық­қанда ай­ғай­лайтын, ысқыратын адам­­д­арды да­йындап қояды. Бұл – дұрыс емес. Айтысты бұлай шоу­ға айнал­дыруға бол­май­ды. Қазіргі айтыста шоулық сипат ба­сым­­дыққа ие. Нағыз суырып-салма ақын­дардың айтысы деп бағалай алмаймын.
Қарагөз СМӘДІЛ,
журналист:
– «Алтын домбыра» айтысында Айбек Қалиев, Мейірбек Сұлтанхан, Еркебұлан Қайназаров, Төлеген Жаманов жақсырақ өнер көрсетті меніңше. Өз ойым.
Айғай-сүрең жасау үшін;
Екіншіден, «ұланғайыр жерді қорғап қалған қайран бабам-ай» деп, міндетті түрде айтып өтеді. Нақты кім, қай жерді, қалай, қай шайқаста қорғап қалғанын, әрине айтпайды.
Үшіншіден, «қарғыс атқыр патша өкіметінің зәбір-жапасын көрген» деп, патша өкіметінің жақсылық-жамандығын бірдей көрген жандарды да, араластырып айта береді.
Шынымды айтсам, Ерлан Сағадиевті аяп кеттім. Әр ақын шүйлігіп, түйреп өтті. Күллі Қазақстандағы бар жамандықтың жаршысы сол ғана сияқты.
Айтқандай, нақты аты аталмаған, түсі түстелмеген біраз депутат, министр, шенді-шекпендіге де жаппай «ұйықтап отырады», «халықтың қамын ойламайды», «қара қарғалар» деген сияқты жалпылама айтып өткенге де, халық риза.
Тіптен ешкім қол соқпай бара жатса, «елдің жайын айтсам, халқым қол соғып қолдамай ма?» деген сияқты бір лепес айту да сән екен.
Айтыс – поэзия емес. Бірақ оған «сұлу өнер көреміз» деп баратын көрермендер де бар. Айбек пен Мейірбектің, Еркебұлан мен Төлегеннің әдемі айтыс жасауға талпыныстары айғай-сүрең астында көміліп қалғаны өкінішті. Мейірбек жас қой, ол да публиканың қолпашын қуалап кетіп қала ма екен деп алаңдайсың.

P.S. Жалпы, айтыс дегеніміз – салмақты сөз, өрелі ой өрнегі. Айтысқа көрермен көшелі сөз тыңдау үшін барады. Жыл өткен сайын айтыс салмақтана түссін десек, шоуға айналдырудан қашқанымыз жөн шығар. Екі күнге созылған «Алтын домбыра» көптің рухын көтерді, жүректі қозғады. Бастысы, ақын­дар­мен бірге ұлттық тамырымызға қан жүгірді, азаттықтың құнын асырдық, жетістігімізге қуандық, кемшілігімізге ұялдық, халықтың бекзада өнерін биікке көтеріп жүрген жан­дар­ға сүйсіндік, қазақы қалжың бойымызды жылытты. Айтыста не бар: тарих, дәстүр, шешен­дік, әншілік, қазақы намыс, мінез бар. Бекзада өнерді биіктете алсақ, бұл да – тәуелсіздіктің арқасы! Тәубе!

Гүлзина БЕКТАС

Дереккөз: Айқын