Алтын дауысты дикторларды қолдайық!

0

Түрлі фильмдер мен мультфильмдерді дыбыстап жүрген отандық кәсіби дикторларды Ақпарат министрлігі лақтырып кетіпті.

20 адамнан тұратын шығармашылық топ былтыр қараша-желтоқсан айларында аудио-кітап жазып, әлемдік деңгейдегі балалар әдебиеті, гуманитарлық-техникалық оқулықтар мен іскерлік әдебиеттерді дыбыстаумен айналысқан. Әрқайсысы күніне 100 бетті таспаға түсіріпті. Күні-түні микрафон алдында отырып, тамағы құрғап, тілі сынып, жағы әбден қарысып қалғанша жұмыс істеген. Бірақ жеме-жемге келгенде ақшаларын төлемей қойған. Себебі тапсырыс беруші ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тендерді орындаған «Аттик-строй » серіктестігіне сан сылтау айтып, толық қаражатты аудармаған дейді арызданушылар. Екі ортада қара жұмыс істеген дикторлар, дыбыс режиссерлары жапа шегіп отыр.

Қазақта, «кісі ақысын маңдай тері құрғамай тұрып бер» деген жақсы сөз бар. Сондықтан «алтын дауысымен» ақша тауып жүрген дикторларды сотқа сандалтып, созбалаңға салмай, таңдай ақы, маңдай терін тезірек төлеп беру керек!

Диас НҰРАҚЫН

Автордың пікірі редакцияның ұстанымын білдірмейді!