«Алтын белгі» алудан үміті бар 650-ге тарта оқушы ҰБТ-ға дайындықтан өтті

0
ҰБТ СДУ қысқы дайындық лагері
Фото: СДУ-дың PR және маркетинг департаменті

Биыл “Алтын белгі” алудан үміті бар 650-ге жуық оқушы Алматыдағы Сулейман Демирел университетінің базасында Winter CAMP-2019 оқу-жаттығу лагерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтан өтті. Дайындықты Еducon білім беру орталығы ұйымдастырды.

Сулейман Демирел университетінің PR және маркетинг департаментінің хабарлауынша, Winter CAMP-2019 қысқы оқу-жаттығу лагері бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр және іс-шараға республика мектептерінен ең үздік атанған болашақ түлектер іріктелген.

ҰБТ СДУ қысқы дайындық лагері
Фото: СДУ-дың PR және маркетинг департаменті

Бескүндік бағдарлама аясында оларға еліміздің білікті мамандары дәріс берді. Жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен белгілі қоғам қайраткерлері де жасөспірімдерге пайдалы семинарлар өткізді. Дайындық лагері барысында мектеп түлектерін мамандық таңдауға бағыттайтын білім көрмесі де өтті, оған еліміздің 10 беделді университеті қатысты.

Қысқы лагерьдің басты мақсаты – талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінің алдында жаңа бағыт-бағдар мен серпіліс беру. Оқу бағдарламасы жан-жақты өтуі үшін қатысушыларға спорттық ойындар мен квестер өткізілді. Шараның соңында үздік атанған топтар алғысхаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Еске сала кетейік, осы жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым немесе шілде және тамыз айларында өткізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және Ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеген болатын. Былтыр ҰБТ-дан ең жоғары ұпай – 140 балға ие болған алматылық Шиара Құдайбергенова сынақ үшін оқу-жаттығу лагерінде дайындалған еді. Ол Сулейман Демирел университетіне мемлекеттік грант бойынша оқуға түсті.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz