Алты күн ғана жұмыс істеді: Тоқаевтың баспасөз хатшысы қызметінен кеткенін хабарлады

0

Президенттің баспасөз хатшысы қызметіне жақында тағайындалған Нұрмұхамед Байғараев денсаулығына байланысты қызметін тоқтатынын мәлімдеді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті. Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз», — деп мәлім етті ол парақшасында.

Нұрмұхамед Байғараев жоспардың басқаша болғанын, бұлай боларын өзі де күтпегенін атап өтті.

«Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді.

Алайда «денсаулық – бірінші байлық» деп бекер айтпаған. Сондықтан қандай қызмет болса да, ең алдымен, уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деп таптым. Осыған орай, Президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді. Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын», — деп жазды парақшасында.

Айта кетейік, 6 қыркүйекте белгілі журналист Нұрмұхамед Байғараев мемлекет басшысының баспасөз хатшысы болып тағайындалғанын хабарлаған едік.