Алты баласын асырап отырған жалғызбасты әке: Қыздарға шеше керек, әйелім қайтіп оралса, кешіремін — Қазақстан жаңалықтары
Алматы облысы, Ақсу ауданы, Матай станциясында тұрған көпбалалы ана алты баласын тастап үйден кетіп қалған. Бұл туралы Жетісу телеарнасының Арнайы репортаж түсірген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Әйеліммен пойызда танысқанбыз. Матайға келіп тұратын. Ол кезде мен машинист боп жұмыс істеп жүргенмін.
Менің жасым 27-де, ол 19-да болғанда отбасын құрдық»,-дейді отағасы Серік Кенжебаев.
Жиырма бір жыл отасқан ерлі-зайыплытардың дүниеге үш ұл, үш қызы келеді.
Арада біраз уақыт өткен соң балалардың анасы Еңлік, қалаға кетемін, табыс тауып келемін дейді. Киім-кешегін алып, алты баласын әкесіне қалдырып, кетіп қалады. Арада үш жыл өткен соң ананың өзі де, тауып келемін деген ақшасы да жоқ. Біраз уақыт өткен соң отағасы жарын іздеуге береді, оның аман-есен екенін, Кербұлақ ауданында өзге біреумен бас қосқанын естиді.
«Қиыншылықты көтере алмаған шығар. Балалар оқуға барады 1 қыркүйекте соларға киім әкелемін деп кеткен»,-дейді Серік Кенжебаев.
«Қыздарға шеше керек. Қыздар келсін дейді. Бірақ ол келген соң аналарына деген қарым-қатынастары қандай болады, білмеймін. Балалар суып кетті»,-дейді.
Әділет есімді ұлы тіпті анасын атымен атамайды, ана деген қасиетті атқа лайықты көрмейді.
«Маған бәрібір келсе де, келмесе де. Қарындастарым қаласа, келсін»,-дейді ол.
Үйдің кенжесі Айжан анасы кеткенде небәрі бес жаста болған. Анасын іздеп, жылай беретін, бірақ қазір ол әпкелеріне көмекші болған. Тамақтың түр-түрін әзірлеп, нан да ашыта алады.
«Сырларымызды үшеуіміз бір-бірімзге айтамыз. Араласатын тағы бір-екі досым бар. Әкеме айтам көбіне»,-дейді үйдің үлкен қызы Айханым.
Матай станциясындағы темір жолда жұмыс істейтін Серік Кенжебаев алатын 60 мың теңге жалақысына отбасын асырап отыр. Алимент алмайды, керегі де жоқ дейді. Көпбалалы отбасыға берілетін көмек те алмайды, себебі ол үшін анасының төлқұжаты қажет.
Түсірілім тобы Ақсу ауданы басшыларынан көмек сұрап, Серік Кенжебаевтың құжаттарын тапсырған.
Кәмелетке толмаған әр бала үшін Кенжебаевтар отбасы енді жәрдемақы алатын болды. Алайда отбасының басты проблемасы — жақсы баспана алу.
«Тұрғындар шамалары келгенше көмектеседі. Тойып тамақ жейді деп айта алмаймын. Олардың жегендері ақ кесеп. Не тиеді соны жейді. Бірде аш, бірде тоқ жүріп жатыр. Үйлері де суық. Көмірді кешке ғана жағады. Соны жағамыз деп өткен жолы уланып қала жаздаған»,-дейді ауыл тұрғыны.
Серік Кенжаебаев жағдайға қарамастан, ешкімнен алақан жайып көмек сұраған емес. Қосымша табыс табуға Ауған соғыс ардагерінің денсаулығы нашарлаған.
Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Отарбайұлы:
«Мемлекет тарапынан көмектерді жасаймыз. Меценаттар бар, сондай-ақ, ауданның қоры бар. Комиссия барып қарайды, қаншалықты мұқтаж екенін қараймыз. Көмек көрсетіледі»,-дейді.
Облыс басшылары үлкен отбасына көмір түсіріп беріп, үйлерінің сметасын жасауды мойнына алған. Енді баспана алып береміз деп уәде еткен.
Жалғызбасты әке балаларының болашағына алаңдайды, өздігінен қайтіп күн көреді деп ойлайды, оның басты арманы балаларын жетеріне жеткізу, баспаналы болу. Алайда атында үй болғандықтан, мемлекет тағы да үй беруі екіталай. Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы болашақта қаруласымызға болашақта көмек көрсетуге тырысамыз деп отыр.
Ал отбасын тастап кеткен ана, өзіне хабарласқанда отбасынан күйеуі ішімдік ішкендіктен кетіп қалғанын айтып, баспананың жайы жайлы сұраған.
«Ол кезде күйеуім ішетін, сол үшін кетіп қалдым. Қазір қайіп оралсам не болады? Баспана не болады?»,-дейді балаларын тастаған Еңлік.
Осыған қарамастан, Серік Кенжебаев балаларының анасы қайтіп оралатын шығар деп үміттенеді.
stan.kz