Алты ай өлікті үйінде сақтаған мұғалім оқушыларға сабақ беріп жүр (Видео)

0

Әйел адам алты ай бойы өлікпен тұрған, деп хабарлайды kznews.kz сайты «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бұл қорқынышты фильмнің желісі емес, елімізде болған оқиға. Атырау облысының тұрғыны нағашысының мәйітін жарты жыл бойы жасырып келіпті. Ең сорақысы, сот бұл сұмдыққа барған азаматты кінәсіз деп танып, бостандыққа жіберген. Марқұммен ұзақ уақыт бірге өмір сүрген жаннан қорыққан ауылдастары оның сотталуын талап етуде. Сұмдық жайттың жай-жапсарын сюжеттен көріңіз!

Таңдай ауылындағы денені түршіктірер оқиға қаңтар айында болған. 82 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті сарайдан табылыпты. Онымен бірге тұрған жиені қарияның мүрдесін жұрттан тығып ұстауына мынадай себеп айтыпты.

ЖЕМІС МҰХАМЕТОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

«Туысымды қимадым деп айтады дейді. Туысымды қимадым деген сөз бар ма? Қимасаң неге ана денені шірітпей, дәрілеп неге ұстамайды?».

Шым-шытырыққа толы жайт шағын ауылға тез тарапты. Денесін үрей билеген жұрт мәйітханаға айналған үйден бойын алыс ұстап, балаларын ол маңайға жолатпаған.
ЖЕМІС МҰХАМЕТОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

«Апай келгенде қорқамыз дейді. Қасымызға келсе былай ығысып отырамыз»

Қорқыныш сейілді деп жүрген қараша сұмдықтың енді басталарын білмепті. Туысының мүрдесін тығып ұстаған мұғалім келіншек сотта кінәсіз деп танылып, мектептегі жұмысына оралған. Бұған елді мекендегілер елеңдеп отыр.
ЖОЛДАС БЕЙСЕКЕНҰЛЫ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

«Жұмыстан шығармау керек болса, методист қылып па, облоно ма, горона ма, бір жаққа алып кетіңіздерші пожалуйста. Балаларымыз тыныш өмір сүрсін. Ол тек балалар емес, үлкен кісілер қорқады керек болса».
Мәртебесі биік мұғалім қызметіндегі азаматша туралы ауылда алып-қашпа әңгіме көп. Кейбір бейресми деректерде ол нағашысын әдейі өлтіріп, сарайға тығып қойды деген ақпарат та болды дейді мұндағылар.

НҰРГҮЛ АБДОЛОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

«Июньде барған кезде ана үйде иіс деген ұрып тұр. Күйеуім айтты: «бұл нағашысын өлтіріп, ана комнатаға тығып қойды», деді. Точно сол келді. Біздерге өтірік айтуды көбейтті. Басында өтірік айтты ол. Анда апардым, Қызылордаға апардым, мында апардым. Біз барлық жаққа звондап, білп алдық»

Мүрдеге жүргізілген сараптама қарияның өз ажалынан көз жұмғанын көрсетіпті. Қылмыстың жоқтығын дәлелдеген мамандар келіншекті сот залынан босатыпты. Ал әйел жұмыс істеген орта білім ордасының басшылығы Заң бойынша оны қайта жұмысқа алуына тура келген.

СЕРІК ҚОЙБАҚОВ, ТАҢДАЙ АУЫЛЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Заңға сәйкес, тергеу ісі бойынша ақталып шықты. Ешқандай жазығы жоқ. Жұмыс істеуге құқығы бар деген тапсырмамен біз оны орналастырдық. Шеттетілген уақыттары бойынша еңбекақысын төлеп шықтық».

Таңдайлықтар енді шағымын Білім министріне жолдамақ ниетте.