Алтайдан тараған жұртқа да ортақ

0
124

Қазіргі жаһандану дәуірі көптеген ұлттар мен ұлыстардың өзіндік келбеті мен болмысын өзгертіп жатқаны жасырын емес. Алайда ұлттық сипат пен бірегейлікті сақтап қалу жолындағы күрес те қарқынды жүруде. Өздерін Алтайдан тарататын халықтардың барлығы дерлік өзіндік кескін-келбеттерін сақтап қалу мақсатында түрлі қадамдарға барып жатыр. Оның үстіне адамзат өркениетін қалып­тастырған түрлі мәдениет ошақ­тарының арасындағы байланыстың да сипаты өзгерген. Жекелеген этностар мен халықтарға ғана тән мәдениет үлгі­лері баршаға ортақ бола бастады. Дүние­нің түрлі қиырындағы интеграция­лық үдерістер тереңдей түсуімен қатар, әр халық өзіне тән ерекшелікті өзгелер­ге танытуға ұмтыла бастағаны да бай­қа­лады. Адамзат мәдениетіндегі түрлі эле­менттер қазір тек қана рухани сипат­тағы емес, ішінара экономикалық астары бар құндылықтарға айналды. Яғни, жаһандану аралас-құраластықтың жаңа үлгісін жасап жатыр. Сондықтан Қазақ­стан Президентінің мақаласында айтыл­ған бастамаларды тек қазаққа, түркі халық­тарына ғана қатысы бар ойлар деуге болмайды. Тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлінің айтқанындай, «Ұлы даланы Байқалдан Балқанға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікке» берілген жалпы атау ретінде бағалайтын болсақ, Елбасы мақаласы Алтайдан тарайтын барша жұрттың тағдыр-талайына, тарихына, бүгінгі болмысына тікелей байланысты болары даусыз. Демек, Ұлы даладағы өзгерістер, рухани сілкініс Еуропа төрін­дегі мажарды да, іргедегі моңғолды да, тіпті күншығыстағы корейлер мен жапондарды да қызықтырса керек.

Соңғы жылдары түркі интеграциясына, қазақ қоғамындағы өзгерістерге алыс-жақын елдердің ғалымдары, ғылыми орталықтары ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясымен (TWESCO) әріптестік орнатқан шетелдік зерттеу орталықтары мен ғылыми ұйым­дарының саны 60-қа жақындаған, бұл құры­лымға байқаушы ретінде Мажар­стан­ның қосылып, өзге бірқатар мемле­ке­т­тердің ресми түрде байқаушы болуға ұмтылып отырғаны байқалады. Соңғы екі айдың өзінде Жапония, Қытай, Фран­ция тәрізді мемлекеттердің ірі зерт­­теу орталықтары TWESCO-да ат­­қа­ры­лып жатқан жұмыстармен жа­қын­нан танысып, байланыс орнатты. Ал Елбасының мақаласы біздің келесі қадам­дары­мыздың қандай болмағын айқындап отыр.

Президент кеңістік пен уақыт мәселе­сіне назар аудару арқылы көшпен­ділер құрған өркениеттің жалпыадамзаттық мәдениеттегі орнын айқындау кезеңінің келгенін аңғартты. Күні бүгінге дейін «номадтар» деп, «жабайылар» деп, адамзат өркениетінде ешқандай із қалдырма­ған қауымдай сипатталып келген Ұлы дала халықтары іс жүзінде теңдессіз мұра қалдырған. Жылқыны қолға үйрету мен көне металлургия адамзат дамуына айрықша үлес қосқаны белгілі. Елбасы: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқым­да алсақ, шаруашылық пен әскери сала­дағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – дейді. Әлем тарихына, көне халықтардың аңыз-әпсаналарында салт атты жауынгерлер әу баста кентавр бейнесінде енген еді. Ал тек қана қола дәуірінің өзінде Қазақстан аумағында миллиондаған тонна металл өндіріліпті. Академик Қаныш Сәтбаев қола дәуірінде бір ғана Жезқазған аймағынан 1 мил­лион тонна мыс өндірілгенін жазды. Одан бөлек Алтайда, Сібірде және басқа да өңірлерде металл өндірілгенін тарихшылар баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Аң стилі де, түркі өркениеті де, Ұлы Жібек жолы да Ұлы даланың қадым заманда адамзат өркениетінде өзіндік орны болғанын айғақтайды. Тек Ұлы дала халықтарының өркениетке қосқан үлестері бертінге дейін мойындалмай келді. Лайықты бағасын алған жоқ. Бәлкім, жаһанға көшпенді­лер мұрасының адамзат өркениетіндегі ай­рықша орнын паш етудің сәті енді ту­ған шығар. Әзірге баға беру қиын. Бірақ Президент мақаласында айтылған ойларды сәтті жүзеге асыра білсек, бұл міндетті де орындауға болады.

Жалпы, Президент мақаласына бірінші кезекте түркітілдес халықтардың өкілдері риза болғаны байқалады. Мақаланың түрік, әзербайжан, қырғыз тілдеріне ауда­рыл­ған нұсқалары масс-медиада жүз­деген мәрте басылды. Әлеуметтік желі­лерде кеңінен насихатталды. Саяси қай­рат­керлердің де мақалаға ерекше көңіл бөлгені байқала­ды. Мәселен, Түркия Пре­­зи­дентінің Бас кеңес­шісі Ялчын Топчу мақаланы күллі түркіге ортақ «Тілде, пікірде, істе – бірлік» идея­­сына қо­сыл­ған үлес ретінде баға­ласа, тағы бір түркиялық саясаттану­шы Күр­шат Зорлу: «Бүгін Қазақстан Мем­ле­кет басшысы Назарбаев түркі әлеміне ық­пал ететін «Түркі өркениеті: түп-та­мы­ры­нан қазіргі заманға дейін» атты жоба­ны жария етті», деп жазды өзінің twitter аккаунтында. Ал «Әзербайжан теле­­визия және радио хабарларын тарату» ЖАҚ ақпараттық бағдарламалар сту­дия­сының бас директоры Фаик Гусиев: «Мен Қазақстан Президентінің мақаласын өте мазмұнды және пайдалы еңбек деп есептеймін» десе, Түркияның Ескишехир университетінің профессоры Недим Унал мақаланы мани­феске теңеген. Яғни, түркі халықтары Елбасы мақала­сы­нан мол үміт күтеді. Өйткені Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл­дың өзінде түркі дүниесінің рухани сіл­кінісіне бағытталған бірнеше маңызды шешім қабылдаған-ды. Маусым айын­­да Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қою арқылы Тұранның көне атауын ресми түрде саяси сахнаға алып шықты. Рас, Түркістан қаласының атауы ешқашан өзгермегенмен, тұтас бір ай­мақ­қа бұл атау 1924 жылдан кейін еш­қашан берілмеген еді. Яғни, кеңестік жүйе бауырлас халықтардың санасынан Түркістан идеясын өшіруге барын салған болатын. Сондықтан маусым айында Түркістан облысының құрылуы Прези­денттің «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының аясы кеңитінін аңғартқан-ды. Одан кейін, қыркүйек айында Шолпан-ата қаласында өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде рухани жаңғыру идеясы ресми түрде күллі түркіні қамтитын жо­баға айналды. Қазақстан Президенті Шолпан-атада «Түркі дүниесінің киелі жерлері» мен «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» жобаларын жүзеге асыруды ұсынған болатын. Енді сол бастамасының жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көріп отыр.

Бұл шешімдердің барлығы «Мәдени мұра» бағдарламасы, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту тәрізді шаралар­дың бірте-бірте ауқымын кеңейте түс­кенін байқатады. Бастапқы кезде жобалар Қазақстанға ғана тікелей қатысты бол­са, Түркі кеңесі саммиттерінде ай­тыл­ған ойлар мен тапсырмалар түркі дү­ние­сіне байланысты болды. Ал «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақала күллі Еуразия кеңістігін қамтып отыр. Демек, атқарылатын шаралар да Байқалдан Бал­қанға дейінгі кеңістікте өмір сүре­тін халықтардың рухани үндесуіне ық­пал етуі тиіс.

Джеймс Кэмерон «Аватар» фильмін­дегі алып ағаш көшпенділер танымын­дағы бәйтерекке ұқсайды. Кәсіби м­а­ман­­дар идеялық байланыс орнатқан. Әйгілі «Троя» фильмінде киіз үйлердің көр­сетілуі де өнердегі ізденістің көрінісі. Мол табысқа кенелген мұндай туындылар аз емес. Президент атап өткен фэнтези жанрын­дағы туындылар да кино өнерінде мол табыс табатыны байқалып жүр. Джон Толкиннің фэнтези жанрындағы еңбек­тері негізінде түсірілген «Жүзік әмір­шісі», «Хоббиттер» тәрізді туындылар біз­дің сөзімізге нақты мысал бола алады. Демек, Ұлы дала халықтары рухани түлеп қана қоймай, өз қойнауындағы мол мұраны табыс көзіне айналдыруды да меңгермегі керек.

Елбасы мақаласында Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдары бар екендігін айтқан. Самұрық, жезтырнақ, таутайлақ тәрізді миф пен ертегі кейіпкерлері кино өнеріне сұранып тұр. Гомердің Одиссейі мен қазақтың Шора батырының жалғыз көзді диюдың қолына түсетін сюжеттерінің бірдей болуы немесе Оғыз қаған жорық жасаған Итбарақтың еліндегі әскерлердің ең осал жері табаны болатын тұсы «Ахиллестің өкшесіне» ұқсайтын өзара параллель жүргізуге жарайтын аңыздар. Демек, әп­са­на­ларымызды өзгеге әдемі етіп ұсыну­ға толық мүмкіндігіміз бар.

Бір сөз­бен айтқанда, Елбасының ұсы­ныс­тары − ұлтты рухани һәм материал­дық тұрғыда байытуға бағытталған қадам­дар.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, 

журналист