Алтай Көлгінов Тоқаевқа есеп берді
Алтай Көлгінов астанада жаңа ескерткіш орнатылатынын айтты. Сондай-ақ, қолжетімді баспана құрылысын арттыру тапсырмасының орындалу барысына тоқталды
НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Көлгінов мемлекет басшысына әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдау мақсатында ашылған «Жанұя» орталығының жұмысы, астанада салынатын иппотерапия және екі бірдей оңалту орталығы жайында баяндап берді.
Астанадағы баспана
Қала әкімі қолжетімді баспана құрылысын арттыру туралы президент тапсырмасының орындалу барысы жайында есеп берді. Көлгіновтің айтуынша, бұл тұрғын үйлер кезекте тұрғандарға арналған. Олардың қатарына тұрмысы төмен отбасылар мен жұмыс істейтін жастар еніп отыр.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, астана әкімі үлескерлік проблемасы бар құрылыс мәселесі мен қала шетіндегі ауыл-аймақтарды дамытуға тоқталды. Бұған алдағы үш жылдық бюджетте қаражат қарастырылған. Қаланы газбен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды.
«Үш арыс» ескерткіші орнатылады
Елордада Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай әлемі» орталығы бой көтереді. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойларына байланысты қоладан құйылған «Үш арыс» ескерткіші орнатылады.
Жаңа веложол салынады
Елорданың ескі алаң аумағынан бастап қаланың екі жағалауын қосатын жаяу жүргіншілерге арналған жол төселеді. Жалпы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы 80 шақырым жол төселіп, алдағы 3 жылда 100 шақырымнан астам веложол салынады.
Қала әкімі сумен қамту жұмысын жетілдіру үшін атқарылатын шаралар туралы да айтты.
Мемлекет басшысы қаланы одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
sputniknews.kz