Алтай аймағымен алыс-беріс нығаяды

0
119

Аталған құжат Шығыс Қазақ­стан мен Алтай Республикасының сауда-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, ақпараттық, көліктік, сондай-ақ ауылшаруашылығы салаларындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бе­реді. «Алтай – біздің ортақ үйі­міз. Алтай тек Қазақстан мен Ресей­ді ғана емес, Моңғолия мен Қы­тай­ды да біріктіреді. Біздің бір­лескен туристік бағыттарымыз бар. Енді шекарадан кедергісіз өту мәселесін шешкеніміз жөн. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біз Абай, Әуезов, Дос­тоевский, Шукшин секілді ұлы тұлғалардың шығармашылығын насихаттайтын, Қазақстан мен Ресей­дің әдеби, поэтикалық және фило­софиялық үндестігін көр­се­тетін бірнеше маршрут әзірледік», деді Д.Ахметов журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ аймақ басшысы бүгін­де Шығыста емдеу-сауық­тыру туризмін дамытуға бағыт­талған бағдарлама әзірленіп жат­қанын, өңірде оқиғалы туризм саласын қолға алу жоспарда бар екенін жеткізді.

Өз кезегінде Алтай Рес­пуб­­ликасының басшысы ресей­ліктер қазақстандықтарға туризм саласында жан-жақты қызмет түр­лерін көрсетуге әзір екенін айтты. «Біздің қазақ­стандық әріп­тес­терімізбен байланысымыз мығым. Алтай − сіздер үшін де, біз үшін де киелі мекен, қастерлі ұғым. Кезінде дәл осы Алтай же­рінде Түркі қағанатының негізі қа­ланған екен. Сондықтан бұл түр­кітілдес ұлттардың қай-қай­сысы үшін де атажұрт деуге болады. Мұзтау тауының бір жартысы Шығыс Қазақстан облысына қарайды. Демек, шығыс­қазақ­стандықтармен мүддеміз де, құн­дылықтарымыз да бір. «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халық­аралық конституциялық кеңесінің аясында «Алтай – ал­т­ын жүзік» атты туристік жоба әзірленді. Төрт мемлекет аума­ғын қамтитын бұл жобаның қаты­су­шылары Қытайдағы көлді, Бұқтырма су қоймасын, Ресей аумағындағы Алтайдың сұлу­лығын тамашалай алады»,  деген Александр Бердников шығысқазақстандық инвесторларды әріптестікке шақырды.

Форум аясында ұйым­дас­ты­рыл­­ған «Қазақстан мен Ресей­­дегі туризмді дамыту­дың жаңа тə­сіл­дері мен үрдіс­тері» ат­ты көрмеде Шығыс Қазақ­стан­ның туристік әлеуеті, археоло­гия саласы,  туризмнің емдеу-сауық­тыру, экологиялық және басқа да түрлері, брендтік өнімдері таныстырылды. Соны­мен қатар Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы мен Алтай аймағының туристік орталығы ақпараттық ынтымақтастық жө­нін­дегі мемо­рандумға қол қойды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы