Алтай аймағымен алыс-беріс нығаяды
Аталған құжат Шығыс Қазақстан мен Алтай Республикасының сауда-экономикалық, мәдени-әлеуметтік, ақпараттық, көліктік, сондай-ақ ауылшаруашылығы салаларындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. «Алтай – біздің ортақ үйіміз. Алтай тек Қазақстан мен Ресейді ғана емес, Моңғолия мен Қытайды да біріктіреді. Біздің бірлескен туристік бағыттарымыз бар. Енді шекарадан кедергісіз өту мәселесін шешкеніміз жөн. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біз Абай, Әуезов, Достоевский, Шукшин секілді ұлы тұлғалардың шығармашылығын насихаттайтын, Қазақстан мен Ресейдің әдеби, поэтикалық және философиялық үндестігін көрсететін бірнеше маршрут әзірледік», деді Д.Ахметов журналистерге берген сұхбатында. Сондай-ақ аймақ басшысы бүгінде Шығыста емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға бағытталған бағдарлама әзірленіп жатқанын, өңірде оқиғалы туризм саласын қолға алу жоспарда бар екенін жеткізді.
Өз кезегінде Алтай Республикасының басшысы ресейліктер қазақстандықтарға туризм саласында жан-жақты қызмет түрлерін көрсетуге әзір екенін айтты. «Біздің қазақстандық әріптестерімізбен байланысымыз мығым. Алтай − сіздер үшін де, біз үшін де киелі мекен, қастерлі ұғым. Кезінде дәл осы Алтай жерінде Түркі қағанатының негізі қаланған екен. Сондықтан бұл түркітілдес ұлттардың қай-қайсысы үшін де атажұрт деуге болады. Мұзтау тауының бір жартысы Шығыс Қазақстан облысына қарайды. Демек, шығысқазақстандықтармен мүддеміз де, құндылықтарымыз да бір. «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық конституциялық кеңесінің аясында «Алтай – алтын жүзік» атты туристік жоба әзірленді. Төрт мемлекет аумағын қамтитын бұл жобаның қатысушылары Қытайдағы көлді, Бұқтырма су қоймасын, Ресей аумағындағы Алтайдың сұлулығын тамашалай алады», деген Александр Бердников шығысқазақстандық инвесторларды әріптестікке шақырды.
Форум аясында ұйымдастырылған «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тəсілдері мен үрдістері» атты көрмеде Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті, археология саласы, туризмнің емдеу-сауықтыру, экологиялық және басқа да түрлері, брендтік өнімдері таныстырылды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы мен Алтай аймағының туристік орталығы ақпараттық ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы