«Алшы ей, телефоныңды»: Қапшағайлық дөрекі полицей видеоға түсіп қалды

0
2347

Әлеуметтік желілерде терезесі толық күңгірттенген полиция автокөлігінің видеосы талқыланып жатыр. Алматы облысы Полиция департаменті оқиғаға түсінік берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрлардан терезесі толық қараңғыланған полицейдің көлігін көруге болады. Видеоны түсіріп тұрған ед адам оған қарай жақындап келе жатқан полицейге ескерту жасайды, ал ол «телефоныңды алшы, жарықты бетке жақпай» деп телефонын қағып жібереді. Кадрлардан полицей ер адамдармен дөрекі сөйлескенін көруге болады. Видео сипаттамасында оқиға Қапшағайда болғаны жазылған.

«Қапшағайдағы заңсыздық, барлығына айыппұл салады, ал өздері көлігін толық қараңғылап алған», – деп жазылған Instagram-дағы 100baksoff_rulit парақшасында.

Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер видеодағы тәртіп сақшысы Қапшағай қаласы ПБ патрульдік полиция взводының қызмет инспекторы екенін хабарлады.

«Алматы облысы Полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында анықталған бейнежазба негізінде Қапшағай қаласы ПБ патрульдік полиция взводының қызмет инспекторына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттаманың толтырылғанын хабарлайды», – деді полиция өкілдері.

Оған қоса, қазіргі таңда полиция қызметкерінің тұрғындармен тиісті дәрежеде қарым-қатынас жасамау дерегі бойынша қызметтік тексеріс тағайындалған.

«Тікелей басшылық тарапынан қарамағындағы қызметкерлерге тиісті бақылаудың болмауы мәселесі тәртіптік негізде қаралады», – деді ПД баспасөз қызметі өкілдері.