Алпысты алқымдаса да құлағымен кір тасын көтеріп, көлік сүйрейді

0
Алпысты алқымдаса да құлағымен кір тасын көтеріп, көлік сүйрейді


Жамбылдағы қос құлағымен кір тасын көтеріп, көлік сүйрейтін алпысты алқымдаған Қаратау тұрғынының күш-қайраты әлі де сол қалпында.

Қаратауда тұратын ерекше азаматтың «Құрыш құлақты Берік» атанып кеткеніне аз болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның өзгеше қабілеті ертеректе оянғанымен, осыдан екі-үш жыл бұрын әлеуметтік желілерде құлағына жіп байлап, жеңіл көлікті тартып, 25-30 келіге дейінгі ауыр салмақтағы кір тастарын көтерген бейнежазбалар мен фотосуреттер таралған болатын. Содан көп ұзамай республикалық арналарда түрлі бағдарламаларға шақырту алып, қатысқан.  

Бүгінде алпысты алқымдаса да Берік Әбілханұлының күш-қайраты кемімеген. Қайта жаттыққан сайын өз-өзіне деген сенімділігі арта түскендей. Жуырда ерекше қабілет иесіне хабарласып, хал-жағдайын сұрағанымызда ол үнемі жаттығып жүргендіктен құлақ шеміршектері бүгінде одан әрі қатайғандығын жеткізді.  

7 ұл-қыздың әкесі, немерелерінің атасы Б.Пышанов Қаратау қалалық спорт мектебінде шахмат және дойбы ойындары бойынша бапкер. Жұбайы Жауһар мектепте дене шынықтыру пәнінен ұстаздық қызмет жасайды.

Ә дегенде тісімен 10 келілік кір тасын көтеріп көрген азамат, уақыт өте келе әуелі 16, содан кейін 20  келілік кір тастарын құлағына жіп арқылы іліп көтеріп жаттығады. Бұл әдісі іске асқан соң көңілі көлік тартып көруге ауа бастайды. Бірде тасада тұрған «Жигули» автокөлігін құлағына жіп іліп, тартып көргенде көлік алға жүріп кетпегенімен, орнынан қозғалғанын аңғарады.  

«Кейін тәуекелге бел буып  әкімшілік ғимаратының  алдында жиналған жұртшылықтың көзінше бір көлікті 3 метрге дейін құлағыммен сүйреп көрдім. Көпшілікпен қоса өзім де таң қалдым. Қазір 3-5 метрге дейін тарта беремін. Жаттығулардың, дайындықтың арқасында осындай істі жасай алдым»,-дейді  Берік Әбілханұлы.

Жаттығудан соң құлақтарының сәл ауырсынатынын жасырмайды. Бүгінде оның бұл ерекшелігін он үш жасар баласы меңгеруде.