«Ало, рұқсат па»: министр Сапаров жөнсіз сөзі үшін тілшілерден сын естіді

0

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып, жөнсіз айтылған сөзі үшін сын естіді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер министрден шегірткенің биыл егін даласына келтірген шығыны жөнінде сұраған. Киіктен келген шығынды есептеп бітпей жатқан уақытта шегірткеден келетін шығынды қалай есептейсіздер? Сауал осылай қойылды.

– Киіктер мен шегірткелерді салыстырмай-ақ қояйықшы. Екеуі екі басқа. Шегірткеден әлі шығын келген жоқ. Егер шығын келсе… Ало… Рұқсат па? – деген министр “мені естіп тұрсыздар ма?” дегендей ишарамен сөйледі.

Осы кезде журналистердің бірі «неліктен сіз өзіңізді бұлай ұстайсыз?» деп ескерту жасады.

– Жоқ, жоқ, мен өз адамдарыма айтып жатырмын ғой. Сізге емес, — деп ақталды министр.

Журналист «өзіңіздің қызметкерлеріңізге айтылса да, бұл дұрыс па?» деп ескерту жасаған. «Кешіріңіз» деді министр.

– Шегіртке былтыр 1,5 млн га жерге таралса, былтыр препаратты уақытында алмағанның салдарынан биыл 2,5 млн га аумаққа көбейіп кетті. Күзде зерттеу жұмыстарын жүргізген кезде 2,5 млн ге жерге препарат керектігін түсіндік. Бірақ бекітілген бюджетте 4,2 млрд теңге ғана ақша болды. Осы мәселеде премьер-министр бізді қолдап, тағы 3,9 млрд теңге берді. Сондықтан, қаражат пен препарат жеткілікті, – дейді Сапаров.

Қазір шегірткемен күреске 427 техника,36 ұшақ, 36 дельтаплан жұмылдырылған. Сапаров “бір ауылға кіріп кетті” дегендей жағдай болған жоқ дейді.