«Алмазбек Атамбаев ұсталды» деген ақпарат расталмады
Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті 3 сәуірде елдің бұрынғы президенті «Алмазбек Атамбаев ұсталды» деген ақпараттың жалған екенін хабарлады. Комитеттің айтуынша, Таш-Мойнак ауылында оны ұстау бойынша ешқандай операция жүргізілмеген.
Комитет өкілдері Азаттықтың Қырғыз қызметіне мұндай ақпараттың WhatsApp желісінде жуырда тарағанын айтқан.
Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған ақпараттың таратылуын «деструктивті күштердің қоғамды шатыстыру үшін» жасап отырған амалы ретінде бағалаған. Осыған байланысты бұл сыбысты таратқан азаматтарды іздеп жатқанын да жеткізген.
Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011 жылдың 1-желтоқсаны мен 2017 жылдың 17-қараша аралығында басқарған. Президент өкілетін тоқтатқанан кейін Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының төрағасы болды.
2018 жылы 3 сәуірде Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының съезі өтіп, «Атамбаевсыз ҚСДП» қозғалысының жетекшісі ретінде Сағынбек Абдрахманов тағайындалды. Ал бірақ бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев және оның жақтастары әлі күнге дейін партияның заңсыз екенін айтып келеді. Олар 6 сәуірде Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының XVIII съезін өткізуді жоспарлап отыр.