Алмазбек Атамбаев Кант әуебазасынан Ресейге ұшып кетпек

0
54

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Ресейге Канттағы әуебаза арқылы ұшатынын хабарлады. Бұл туралы ол 24 шілдеде журналистерге Кой-Таште хабарлады.

– Кантта жеке ұшақ қондырмайды, бұл әскери ұшақ, бірақ бұл – компанияның ұшағы емес. Сәлден кейін толық ақпарат жіберемін, тіпті борт ішінен сурет те жіберермін. Бәрі жақсы болады. Ертең (25 шілде – ред.) кешкі 7-де қайтып келемін, – деді Атамбаев.

Кейін Атамбаевтың ұшақ бортында өз жақтастарымен отырған суреті тарады. Бұған дейін Алмазбек Атамбаев Ресейге достарының шақыртуымен бара жатқанын айтқан. Бірақ ол достарының кім екенін атамады.

Ал Атамбаевтың кеңесшісі Құндыз Жолдубаева шақырушы тарап «РусДжет» әуе компаниясына тиесілі RRJ-95B әскери ұшағын жібергенін хабарлады.

Оның айтуынша, Атамбаев Мәскеуде жоғары лауазымды тұлғалармен кездесу өткізеді.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік статустарынан айырды.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз түрде байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен ашылған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Осыдан соң Қырғызстан ішкі істер министрлігінің тергеу қызметі Атамбаевты үш рет тергеуге шақырған. Ол үшеуінде де тергеуге бармады. Осыдан кейін оған тергеу амалдары үшін қамалу қаупі төнген.

Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесаревтің сөзінше, «экс-президентті тергеуге шақырту заңсыз. Себебі Атамбаев 2003 жылғы заңның негізінде тиіспеушілік статусына ие болған. Ал Қырғызстан парламенті экс-президентті тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы қаулының 2019 жылдың 15 мамырында түзету енгізілген нұсқасын қарап, қаулы шығарған».

Слесаров парламент шешімді Конституцияны бұзып қабылдағанын айтады. Қорғаушының сөзінше, қазіргі заңда парламенттің экс-президентті тиіспеушілік статусынан айыратын құқығы көрсетілмеген.

Атамбаевтың ондаған жақтасы 22 маусымнан бері оның Кой-Таштағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан. Ал 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтасы наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап етті. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.

Azattyq