Алматының вокзалдары мен әуежайында дүрбелең туды  

0

Мамандар тоқтатылған пойыз бен ұшақ билеттерінің ақшасын кері қайтарып береміз деп отыр. Алайда бүгін-ертең жол жүруі тиіс болғандар кезекке үлгермей қаламыз ба деп қауіптенеді   

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Алматыда теміржол және әуе қатынастарының шектелуі жұртты дүрліктіріп жатыр.

Алыс жолға шығуға пойыз бен ұшақ билеттерін ертерек алып қойған азаматтар енді билеттерін жаппай кері өткізіп әлек. Сол үшін олар ұзын-сонар кезекте тұр. Себебі, билет сататын көптеген мекемеде төтенше жағдай режиміне қатысты келіп істейтін қызметкерлер азайтылыпты. Яғни, көбі онлайн түрде жұмыс істеуге көшкен, деп хабарлады КТК.

Жол жүрудің шектелуіне байланысты Алматы-2 теміржол вокзалында да бірнеше күннен бері дүрбелең. Алыс-жақын ағайынға барамыз деп алдын ала билет алып қойған жолаушылар енді оның ақшасын қайтарып ала алмай жүр. Касса санаулы болғандықтан, кезектері жақындар емес. Алматы вокзалын торуылдап жүрген жұрттың қарасы қалың. Айтуларынша, билеттерін өткізбегені былай тұрсын, экранға қайта-қайта қараумен «көзіміздің майы таусылып, мойнымыз талды» дейді. Сондай-ақ, мұнда жүзден аса адамның жиналуы «денсаулығымызға да қауіп төндіре ме?» деп қорқуда.

«Кісі көп жерге бармаңдар дейді. Бүгін билет өткізуге келдік, міне, кісі көп. Бәріміз жылжымай отырмыз. Менің нөмірім 353. Ал қазір таблода 125. Сонда қанша уақыт отыруым керек? Коронавирусты, басқа да ауруларды жұқтырып алуымыз мүмкін», — дейді Алматы қаласының тұрғыны Шайзат Саябаева. 

Алайда жауаптылар халықаралық рейстің билетін кері қайтаруға уәде етуде. Бірақ ел арасына қатынайтын пойыздардың жол ақысының қайтарылу-қайтарылмауы белгісіз.

«Бұл ретте компания мемлекетаралық қатынасқа рәсімделген билеттер бойынша жол жүру құнын толық көлемде қайтару туралы шешім қабылдады. Мемлекетаралық пойыздардың қысқаруына байланысты біздің кассаларға жоғары жүктеме түсті. Билет кассалары қосымша қолма-қол ақшамен қамтамасыз етілген», — деп түсіндірді Теміржол жолаушылар тасымалы маркетинг және сату департаментінің директоры Алмас Айтбаев.

Бұған қоса, бірнеше күннен бері ұшақ билеттерінің ақшасын қайтара алмай жүрген халық та бүгін наразылық білдіруде. 

«Қайтарып береміз деп уәде беруден шаршамайды. Алайда сабылып жүргенімізге қанша күн өтті. Тағы да пайыздарын аламыз деп шықпаса болғаны. Егер ондай жағдайлар болса, бұл дегеніміз нағыз тонау ғой», — дейді Алматы қаласының тұрғыны Наталья Савченко. 

Әзірге тоқтаған әуе рейсі билетінің ақшасы нақты қашан қайтарылатыны  белгісіз. Өйткені төтенше жағдайға байланысты оларда ешқандай келушілерді қабылдамайды. Яғни жұмыс тек телефон арқылы және электронды форматта жүргізіледі.

«Барлық тоқтатылған рейс билетінің ақшасы толығымен қайтарылады. Біз әуе компанияларының талабына сай жұмыс істейміз. Яғни, олар алдымен рұқсат беру тиіс. Сосын біз ары қарай қаржысын қайтаруды жүзеге асырамыз», — деп атап өтті Aviata.kz операциялық директоры Аюна Вальтер. 

Осылайша мамандар пойыз бен ұшақ билеттерінің ақшасын кері қайтарып береміз деп отыр. Тек даурықпай, сабыр сақтауға шақырады. Алайда бүгін-ертең жол жүруі тиіс болғандар  кезекке үлгермей қаламыз ба деп қауіптенеді.  



sputniknews.kz