Алматының Наурызбай ауданында сел жүру қаупі бар

0

Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті бүгін, 14 тамызда таңертең Алматының Наурызбай ауданына Қарғалы өзенінде сел жүру қаупі төніп тұрғанын хабарлап, дабыл жариялады.

«Қарғалы өзені ағатын Наурызбай ауданында сел жүру қаупі бар, себебі су деңгейі күрт төмендеген. Бөгетті кез келген сәтте бұзып кетуі мүмкін. Мүмкіндігінше құжаттарыңызды алып, қалаға қарай кетіңіздер. Бөгет бұзылмауы да мүмкін, алайда қауіптің ықтималдығы жоғары» деп хабарлады департамент.

Департамент хабарына қарағанда, Қарғалы өзенінің басындағы көлден «шағын көлемде су жіберілген». Ресми хабарламада «Тұрғындарды көшіреміз. Әуезов және Алатау аудандарында Қарғалы өзенінің төменгі жағында тұратын тұрғындарға ескерту жасалды» деп жазылған.

Алматы әкімдігі «қауіпсіз жерге көшірілгендерді қабылдайтын эвакуация пунктері дайындалып жатқанын» хабарлады.

Синоптиктер болжамынша, Алматы мен Алматы облысында 14 тамызда күн күркіреп, жаңбыр жауады. Кейбір аумақтарда жел күшеюі мүмкін.

2015 жылы шілдеде Алматының Наурызбай ауданы аумағында сел жүрген. Төтенше оқиғадан мыңнан астам адам эвакуацияланды. Ресми дерек бойынша, қаза тапқандар жоқ. Билік дерегінше, селден 450-ден астам үй зардап шеккен. Ресми орындар селге Алматы маңындағы Қарғалы өзені бассейніндегі 8-мұздық астында орналасқан, шамамен 40 мың текше метр суы болған көлдің табанын бұзып кетуі себеп дейді.

Azattyq