Алматының ірі даңғылдары мен айналма жолында көлік жылдамдығына шектеу қойылды
15 қаңтардан бастап әл-Фараби, Саин даңғылдарында және Шығыс айналма автокөлік жолында көліктің орташа жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға дейін азайтылды. Полиция бүгіннен бастап бұл ережеге бағынбағандарға айыппұл салады.
Жаңа тәртіп автокөлік жолдарында оқыс оқиға салдарынан болатын өлім-жітімді азайту мақсатында енгізілді. Тиісті жол белгілері орнатылып, “Жол қозғалысы ережелері автоматтандырылған ақпараттық жүйесі”, яғни жол қозғалысы ережесінің бұзылуы мен техникалық жағдайларды қадағалау жүйесі қайта реттеліп жатыр.
Тіркелген деректер бойынша 16 қаңтардан бастап заң тәртібімен бекітілген жылдамдық режимін бұзғандардың тұрғылықты мекенжайына нұсқаулар жіберіледі. Бірақ бұл жол қозғалысы ережесінің талабын бүгін бұза беруге болады дегенді білдірмейді, бұл уақыт автокөлік жүргізушілері жаңалыққа үйренуі үшін беріліп отыр. Сонымен бірге жұртшылыққа хабарлау мен ескерту жұмысы осымен бірнеше жыл бойы жалғасып жатыр: жол қозғалысы ережелерінің барлық қатысушысын қауіпсіздікке кепіл болатын осы ережені сақтауға шақырамыз, – дейді Алматы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.
Полицейлер жол қозғалысын реттеудің мұндай әдісі әлемнің ірі қалаларында тәжірибеге енгізілгенін айтты. Алматы полициясының мәліметінше, жылдың басынан бері қалада 4 203 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның көбі 60-80 шақырым/сағаттық учаскелерде болған, күніне 12 оқиғадан болады. Қаңтардың басынан бері Алматыда жол апатынан 121 адам қайтыс болды.
Айта кету керек, жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін асырған көлік жүргізушілеріне 5 АЕК көлемінде (12 625 теңге) айыппұл салынады. Сағатына 20-дан 40 шақырымға дейін асырғандарға салынатын айыппұл көлемі – 10 АЕК (25 250 теңге). Жылдамдықты 40 шақырым/сағаттан асырғандар 20 АЕК (50 500 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Дереккөз: Baribar.kz