«Алматыметроқұрылыс» басшысының адвокаты: «Қылмыстық іс ойдан құрастырылған»

0

«Алаяқтық» бабы бойынша айыпталып, екі айға қамалған «Алматыметроқұрылыс» компаниясының басшысы Қайрат Реимовтің адвокаты 14 қаңтарда Алматыда жиын өткізіп, Реимовтің үстінен қылмыстық іс «заңсыз» қозғалғанын мәлімдеп, оны «ойдан құрастырылған іс» деп атады.

Адвокат Сәлімжан Мусиннің айтуынша, қылмыстық іске «ДК-Инвестмент» компаниясының (кәсіпкер Дінмаұхамет Идисовке тиесілі) Реимовті «қаржы қайтарудан жалтарып отыр» деп айыптап, полицияға шағым түсіруі түрткі болған.

Мусиннің айтуынша, «Алматыметроқұрылыс» компаниясының 80 пайыз акциясына ие «Инженерлік қолдау» құрылыс компаниясы мен «ДК-Инвестмент» арасында 2014 жылы құнды қағаздарды сату-сатып алу туралы келісім жасалған. Оған сәйкес, «Инженерлік қолдау» құрылыс компаниясы «ДК-Инвестмент» берген 1,6 миллиард теңгеге «Алматыметроқұрылыс» компаниясының 39 пайыз акциясын беруі тиіс болған.

Бірақ қорғау тарабының айтуынша, «Инженерлік қолдау» құрылыс компаниясы «Алматыметроқұрылыстың» 39 пайыз акциясын беруге тырысқанмен «ДК-Инвестментент» оны қабылдаудан бас тартып, «мәселені созып отыр». Мусиннің айтуынша, «Инженерлік қолдау» құрылыс компаниясы кәсіпкер Дінмұхамет Идрисовтен алған 1,5 миллиард теңге қарызын да қайтарған. Сондықтан қорғау тарабы Реимов «заңсыз қамауда отыр» және оны «қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз де жоқ» деп санайды.

14 қаңтарда Азаттық тілшісі Алматы қалалық полициясы мен «ДК-Инвестмент» компаниясына хабарласқанмен жауап ала алмады.

Адвокат Сәлімжан Мусиннің айтуынша, желтоқсан айында Реимовке байланысты тергеу амалдары мүлде жүрмеген, бірақ соған қарамастан сот оны үш айға қамау туралы шешім шығарған.

Желтоқсан айының басында кепіл қойып, бостандыққа шығып, қайта қамалған Реимов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі «тапсырыс» деп атап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан мәселеге араласуын сұраған еді.

Былтыр көктем айларында Реимовтің үстінен «ақша жымқыру», «алаяқтық» фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғалған.

Azattyq