Алматылықтар автобусқа отырған Байбекті көріп таңданып қалды (видео)
BRT желісіндегі электрондық тақтаны таныстырғаннан кейін, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 205 автобусқа отырып, қоғамдық көлікпен бірнеше аялдама жүріп өтті.
Алматыда BRT желісінде электрондық тақталар пайда болды. Ал жаңа жүйені таныстыру салтанатына Алматы әкімі Бауыржан Байбек те қатысты.
Таныстыру салтанатында қала басшысына электронды тақтада маршруттың нөмірі мен қоғамдық көліктің аялдамаға келу уақыты туралы ақпарат көрсетілетіні түсіндірілді. Сондай-ақ, онда диспетчермен және полициямен байланысу үшін орнатылған арнайы батырма болады екен. Ал бұл жоба бюджеттен тыс қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Таныстырылым аяқталғаннан кейін Бауыржан Байбек Розыбакиев-Тимирязев көшесінің автобус аялдамасына келген алғашқы автобусқа отырып, қоғамдық көлікпен жүріп қайтты.
Қала басшысы тіпті, «Оңай» картасымен де жол ақысын төледі. Ал жолаушылар Байбектің автобусқа отырғанына таңданып, суретке түсіре бастады. Кейбір жолаушылар тіпті, орнынан тұрып, әкімге орын бере кетті.
«Мен қазір автобуспен сирек қатынаймын. Кеше мен автобусқа отыратынымды айттым. Мен аспаннан түспеген шығармын. Мен алматылық болғандықтан, автобуспен жүрудің қандай екенін білемін. Тимирязев көшесімен жаяу жүріп, Гагарин – Өтепов көшелерімен төмен түсіп, 59 автобуспен жүрдім. Бұл жүйені өте жақсы білемін. Ал популизммен айналысып, автобусқа жай жүру үшін отырудың қажеті жоқ. Әсіресе, мен күніне 10-ға жуық іс-шараға барып, қатысамын. Ал, ол жерлерге автобуспен барып, үлгеру мүмкін емес»,- деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, қала әкімі бүгінгі таңда қоғамдық көлік әлдеқайда жақсарған деп санайды.
«Адамдар бізде нарықтың жұмыс істеп жатқанын көріп отыр деп ойлаймын. Менің ойымша, қоғамдық көліктің болашағы үшін жасаған жағдай дұрыс жол. BRT-ге автокөлікпен жүретін адамдар көп қарсылық білдіріп, түрлі жазбалар жазып жатады. Өмірде әрдайым осылай. Біреуіне ұнаса – ол үнсіз отырады, ал екіншісіне ұнамаса – ол қарсылық білдіріп, жазба жазады. Әлеуметтік желінің өзі сын айтуға мүмкіндік береді, ол соған арналған», – деді ол.
Источник: Stan.kz