Алматылық полицейлер жоғалған 9 жастағы оқушыны қалай тапқанын айтып берді

0

Алматыда патрульдік полиция қызметкерлері 9 жастағы Айша Тимурды қалай тапқанын айтып берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Айта кетейік, 6 желтоқсанда кәмелетке толмаған Айша Тимурдың жоғалғаны туралы хабар Алматыны дүр сілкіндірді. Таңертеңгі сағат 07:40-та қыз бала үйден шығып кеткен, бірақ мектепке дейін жетпеген.

«Бізге сағат 09:00 шамасында 9 жастағы Айшаның жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Біз мекенжайға бардық. Ақпарат расталды», — дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің инспекторы Алмас Құрақбаев.

Баланы іздестіру жұмыстарына Түрксіб аудандық ПБ-ның жеке құрамы, Алматы гарнизоны мен еріктілер жұмылдырылған.

«Біздің ауысым сағат 16:00-де аяқталды. Бірақ күндізгі іздестіру нәтиже бермегендіктен, мен және әріптестерім қызметте қалып, баланы іздеуді жалғастырдық. Мен — үш баланың әкесімін. Қыздарымның бірі — Айшамен құрдас. Мені Айшаның тағдыры қатты алаңдатты. Бүкіл гарнизон, Алматы қаласының барлық тұрғыны қыз үшін алаңдады», — деп атап өтті Құрақбаев.

Тәртіп сақшысының айтуынша, бейнебақылау жүйелерінің арқасында қыздың троллейбусқа мінгені анықталған.

«Жүргізушінің нөмірін троллейбус паркінің диспетчерінен сұрадық, оған телефон соқтық, ол Айшаның троллейбуста екендігін растады. Бұл туралы дереу ЖБО-ның кезекшісіне хабарладық. Еріктілермен бірге Байтұрсынов пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында троллейбусты қуып жеттік. Айша ішінде болды. Мен оны көтеріп, патрульдік көлікке отырғызып, Полиция басқармасына апарып, ата-анасына тапсырдым. Құдайға шүкір, ол аман-есен табылды», — деді полиция қызметкері.