Алматылық хирург Жетісу облысының балаларына 3 тегін ота жасады

0
60

Облыс басшылығының бастамасымен медицина ғылымдарының докторы 38 жылдық тәжірибесі бар Нұрлан Арын Талдықорған қаласына балаларға күрделі операцияларды тегін жүргізу үшін келді. Балалар ауруханасында ол «өкпе және бауыр эхинококкозы, колостома, тоқ ішек анастомозы» диагнозымен жатқан 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға сәтті ота жасады.
Күрделі оталарды жасай отырып, профессор жергілікті дәрігерлермен көп жылдық тәжірибесімен бөлісті.

— Құрметті жерлестер, жетісулықтар. Мен өз жерімде болғаныма өте қуаныштымын. Мен мұнда бірінші рет және соңғы рет операция жасауға келіп тұрғаным жоқ. Осы жылдың Балалар жылы ретінде жарияланғанын ескере отырып, біз балаларға қайырымдылық операцияларын жүргізуді ұйғардық. Бәрі сәтті өтеді деп сенемін. Біздің балаларымыз ауырмасын, дені сау болсын, — деді Нұрлан Арын.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «балалар жылы» аясында Жетісу облысының балаларына консультативтік-диагностикалық және хирургиялық медициналық көмек көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, профессор Нұрлан Арынов «Туған елге тағзым» аясында облыстың медициналық мекемелерінде шеберлік сабағын өткізеді. Осы уақытқа дейін Нұрлан Мұхтарұлы 25 мыңнан астам операция жасаған. Оның ішінде 1,5 мыңнан астамы қайырымдылық операциялары. Дәрігер сонымен қатар 300 ғылыми мақала мен 7 монографияның авторы.
Айта кету керек, балалардың ота алдындағы дайындығы бір апта бұрын басталды.