Алматылық директор мектептегі жылуды талап еткен жалғызбасты ананы сотқа бермекші
Алматылық №2 орта мектептің ата-аналары су жаңа білім ошағының суықтығына шағымданып, редакциямызға хат жолдаған болатын. Сөздерінше, үшінші тоқсан басталғалы бері оқушылар суық кабинеттерде оқуға мәжбүр. Балаларының денсаулығына алаңдаған олар журналистерден көмек сұраудан басқа амалымыз қалмады деп отыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Stan.kz тілшісі қалалық білім басқармасына сұрау салып, мектептің жайын өз көзімен көріп қайтты.
Жетісу ауданы №2 мектептің ата-аналары дәстүрлі оқу жүйесіне көшкелі бері балаларының денсаулығы үшін уайымдайтынын айтады. Оған себеп — мектептің суықтығы. Журналистерге айтудан басқа амалымыз қалмады деген олар аттарын жария етпеуді сұрады. Себебі балалары мектептен шығып қалуы ықтимал деп алаңдайды. Тек біреуі ғана есімін жариялауға рұқсатын берді.
Мектепте бірнеше баласы оқитын ата-ананың айтуынша, білім ошағының әкімшілігі оқу орнының суықтығына қарамастан оқушыларды аяқ киімдерін ауыстыруға мәжбүрлейтін көрінеді.
«Үшінші тоқсан басталып, бір апта өтпей жатып, тоғызыншы сыныпта оқитын қызым ауырып қалды. Мектеп салқын бола тұра, сынып жетекші мен әкімшілік балалардың аяқ киім ауыстыруын талап етеді. Бірнеше ата-ана болып жиналып, бұл мәселені көтеруімізге тура келді. Директорға мектептің суықтығы білінбейді, өйткені ол өз кабинетіне жылытқыш қойып алған. Бір айта кетерлігі, қызым бұл мектепте даярлық сыныбынан бастап оқиды. Бес жыл өтсе де мектептің жағдайы осы: қыста бір жылымайды», — дейді есімін жарияламауды өтінген ата-ана.
9 сынып оқушысының анасы ұлының бұған дейін белгілі жағдайлардың себебінен денсаулығына кінәрат келгенін жеткізді. Айтуынша, мектептің суық болуы — баласының денсаулығына кері әсер етуде.
«Ұлым былтыр бір жағдайлардың салдарынан денсаулығына зиян келді. Біршама уақыт ауруханада, үйде жатып емделді. Әрең дегенде аяққа тұрды. Енді оқу басталып, мектепке барған кезде ол жақ суық болып шықты. Ертең баламның суықтап, қайта ауырып жатса, оған кім жауап береді? Үйде ол үшін жанымды шүберекке түйіп отырамын. Ол жылы жерде ғана отыруы керек. Ал сыныптың ішінің салқындығы даламен бірдей. Бұл не сұмдық?» — дейді жоғары сынып оқушысының анасы.
Онымен қоймай мектеп директоры ата-аналарға сес көрсеткен сыңайлы.
«Бірде ата-аналар бірігіп, аудандық білім бөліміне шағымдандық. Алайда мектептегі жағдай сол күйі өзгеріссіз қалды. Мектеп директоры болса, кейіннен бізді шақырып: «Қайда шағымдансаңыздар да, айналып менің алдыма келесіздер. Мәселені бұл жерде мен шешемін» деп сес көрсетті. Біз шыны керек, оның бұл сөзіне сасып қалдық», — деп қосты ол.
Коронавирусқа енді мектептің суықтығы қосылды деген тағы бір ата-ана оқу басталғалы бері баламыз қазір аурудан көз ашпады дейді.
«Қазір сыныптағы барлық балаларға шеттерінен тұмау тиіп, ауырып жатыр. Үйден оқудан жалығып, енді мектепке барғанда, міне, осындай жағдай орын алуда. Жылда бұл мәселе қайталанатындықтан биыл ата-аналар болып шулауымызға тура келді. Сыныптардың іші былайша айтқанда «аңырап» тұрады. Мектептегілер ғимараттың ішіндегі температура нормаға сай дейді. Бірақ өз басым бұған сене алмаймын. Ең қызығы, балалар мұздап, сыртқы киімдерін кисе, шешкізіп тастайтын көрінеді. Үйімізде науқас туысымыз бар, ертең ұлымыз ауру жұқтырып келсе, біз қайтпекпіз?» — деген ата-ана жыл сайын мектеп жылымай келетінін алға тартады.
Мектептің суығынан ауырып қазір төсек тартып қалған оқушылар да бар екен.
«Кезекші сыныптар ашылғалы бері 5 сыныпта оқитын қызым суық кабинетте оқып, қатты сырқаттанып қалды. Қазір емханалардың табалдырығын тоздырып, бәленбай мың теңгелік анализдер тапсыруға мәжбүрміз. Өзім — жалғызбасты анамын, ауырып жатқан қызымнан бөлек тағы бір мүгедек балам бар. Мектептің әкімшілігіне жағдайды айтып шағымданып едім, өзімді кінәлай жөнелді. Бір күні үйіме келіп директор «дәрі-дәрмек» алыңыз деп, қолыма он мың теңгені ұстатып кетті. Егер шынымен олар кінәлі болмаса, не үшін маған ақша береді? Бұған қоса, мектеп менімен соттаспақшы екен. Айтуларынша, баламның созылмалы ауруы асқынып кеткен, олардың бұл жерде еш кінәсі жоқ. Бірақ қызым еш ауруханада тіркеуде жоқ, бұрын-соңды ауырмаған. Ал мен қызым сырқаттанып, тұра алмай жатса, олармен қай бетіммен барып соттасамын? Ертең қызым жазылсын, соттасуды сосын көре жатармыз «, — дейді Гүлбану Ағыбетова.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін біз білім ошағының директорына хабарласқан едік. Айтуынша, ата-аналардың шағымы негізсіз, мектептегі ауа температурасы бірқалыпты.
«Қазіргі күні біз мектептегі кабинеттерді санитарлық норма бойынша стандарттарға сай температурада ұстап отырмыз. Әрбір сыныпта термометр ілінген, күн сайынғы температура арнайы дәптерге жазылып тіркеліп отырады. Техникалық нормаларға сай ауа температурасы 15-20 градус. Бізде қазіргі таңда 17 градустан төмен кабинеттер жоқ. Осыған дейін де болмаған. Мектеп жылыту жағынан да, басқа жағынан да жөндеу жұмыстарын талап етпейді», — дейді №2 жалпы білім беретін мектеп директоры Бақытнұр Өтепбекова.
Сонымен қатар, ол оқушы қыздың анасын сотпен қорқытқанын растады.
«Иә, расымен бұл жағдаймен таныспын, қазір менің бақылауымда. Қай ата-ана жайлы айтып тұрғаныңызды да білемін. Ол кісінің жағдайын мен бақылап отырмын, көзден таса қылмай, қажетті көмек көрсетудемін. Сотқа жүгінемін деп айтқаным рас. Себебі ол менен қомақты ақша талап етті. Мектеп жекеменшік емес қой, сондықтан баланың еміне деген қаражатты сотпен өндіріп алыңыз деуіме тура келді. Бұл ата-анадан бөлек, басқаларымен менің шешілмеген мәселем жоқ екенін де айтқым келеді. Мен әлгі ата-ананы мектепке шақыртқан да болатынмын», — дейді білім ошағының басшысы.
Бұған қоса, мектеп директоры ата-ананың өзін бопсалаған дауыс жазбасын көрсетуге әзір екенін жеткізді. Расында да ата-ананың жазбадан дөрекі сөйлескенін байқауға болады.
Айта кетейік, ресми деректер негізінде біз мектеп 2014 жылы толыққанды жөндеу жұмыстарынан өткенін анықтадық. Алматы қалалық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, сейсмикалық күшейту, қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 443 980 880 теңге бөлініпті. Жөндеу жұмыстарының нәтижелерін Жайлы қалалық орта басқармасы қабылдап алған.
Stan.kz тілшісі мектептің жағдайын өз көзімен көріп қайтқан еді. Алайда мектепке барып, жағдайдың мән-жайын тексеру журналист үшін оңай болмағанын атап өту керек. Себебі қалалық білім басқармасы мектепке кіргізу туралы өтінішімізге екі аптадан кейін ғана жауап беріп, оған қоса міндетті түрде ПТР тестін болуын талап етті.
Білім ошағына барған журналистің бірінші кезекте назары мектептің суық дәлізіне түскен. Дегенмен ұстаздар суыққа үйреніп кеткендей, барлығы қысқа көйлекпен жүретін сыңайлы. Оқушылар отырған кабинеттер дәлізге қарағанда әлдеқайда жылы. Директордың айтуынша, мектеп дәлізіне жылыту батареялары қауіпсіздік техникасына сай емес болғандықтан орнатылмаған. Мұны тіпті, арнайы мамандар да растап отырған көрінеді. Бұдан өзге, мектептің шаруашылық бөлімінің жетекшісі соңғы кездері суық болуына ғимаратқа жақын жылыту жүйесіндегі ақау әсер етті деп түсіндірді.
Мектеп дәлізі
Айта кетерлік жайт, бөлмелердің барлығы директор айтқандай 17 градустан жоғары болмай шықты. Мәселен, ағылшын кабинеті температурасы 15 градус екен. Десек те білім ошағының басшысы бұл кабинетке оқушы көп кірмейтінін айтып ақталды. Бұдан өзге мектеп кітапханасының да суық екенін анықталды. Нақты қанша градус екенін көру мүмкін болмады, себебі кабинетке тиесілі термометр табылмаған.
Айта кетейік, «Жалпы білім беретін және интернаттық ұйымдардың құрылымына, күтіп-ұстауға және оқыту жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық ережесіне сәйкес, оқу сыныптарында, зертханаларда, кітапхана мен мәжіліс залында ауа температурасы 18-22 градустан төмен болмауы тиіс.
Сондай-ақ, редакция тілшісі төменгі қабатта орналасқан кабинеттер мен екінші қабатта орналасқан кабинеттердегі батареялардың саны әртүрлі екенін де байқаған. Мәселен, төмендегі кабинеттер әлдеқайда жылы, сәйкесінше батареялардың саны да көп.
Бұдан өзге, редакциямызға шағымданған ата-аналар журналистерге хабарласқаннан кейін оқушылар жылы кабинеттерге, екінші қабаттан төменгі қабатқа ауыстырылғанын жеткізді.