Алматылық дәрігерлер жаңа туған нәрестенің денесінен салмағы 1 келіден асатын ісікті алып тастады — Қазақстан жаңалықтары
Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасады. Дәрігерлер шақалақтың денесінен салмағы 1 келіден асатын ісікті алып тастады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Ісіктің көлемі аса үлкен, салмағы 1 028 грамм болады. Сегізкөз-құйымшаққа біткен ісікті дәрігерлер жүктіліктің 19-шы аптасында анықтаған. Ісік теріде эрозиялық аумақтардың пайда болуына алып келіп, тік ішекті қысып, қансырау қатерін туғызған.
Нәрестеге жоспарлы ота жасау үшін, дәрігерлер оны перзентханадан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізді. Ота нәрестенің дүниеге келгенінен 3 тәулік өткен соң ғана жасалды. Өйткені салмағы 3 818 грамм болып туған шақалақты алдын ала емге дайындау керек болған. Ота 3 сағатқа созылып, еш асқынусыз өтті.
Нәресте үшінші тәулікте жансақтау бөлімінен неонотология бөліміне ауыстырылып, ерекше күтім алуда.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мамандарының айтуынша, бүгінде нәрестенің жағдайы тұрақты.
stan.kz