Алматылық дәрігерлер инфекция жұқтырған адамды қалай анықтады

0

Инфекция жұқтырған шетелдік азамат толықтай ем қабылдап болған соң, Алматыдан өз еліне қайтатын болады

АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Алматыда коронавирус жұқтырғандар он тоғызыншы адам — Ресей азаматы Краснодар – Мәскеу – Алматы рейсімен ұшып келген. Бұл туралы Алматыда өткен брифингте қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Бүгін таңертең Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған он тоғызыншы науқас тіркелді. Науқас 12 наурызда Краснодар – Мәскеу – Алматы рейсімен ұшып келген. Ресей коронавирус бойынша қауіпті елдер санатына кірмейтіндіктен, науқас карантинге алынған жоқ. Алайда оның инфекция жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталды. Сондықтан іздестіру нәтижесінде табылды», — деді Тілеухан Әбілдаев.

Науқас 17 наурызда карантинге алынып, анализ жасалған. 19 наурызда нәтижесі оң болып, жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Толық ем қабылдап болған соң, науқас өз еліне орала алады.

Қазір Алматыда қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирус жұқтырған 16 науқас, балалар жұқпалы аурулар ауруханасында екі бала және бір баланың анасы ем алып жатыр.

Алматы қаласында коронавирус жұқтырған 18 науқастың жағдайы қалыпты, бір науқастың жағдайы орташа. Ол адамда өкпенің созылмалы обструктивті ауруының болуы жағдайды ушықтырып отыр.

«Қала бойынша провизорлық карантинде 608 адам болса, үй карантиніне 730 азамат алынған. Барлығының дене қызуы бірқалыпты», — деді Әбілдаев.

Соңғы деректерге сәйкес, елде 44 адам коронавирус жұқтырған. Алматыда — 19, астанада — 25.



sputniknews.kz