Алматылық дәрігерлер әйелді сирек дерттен құтқарды
Қысқа сілтеме алу
Әйелге дәрігерлер бес жыл бойы нақты диагноз қоя алмаған
НҰР-СҰЛТАН, 26 шілде — Sputnik. Алматылық дәрігерлер миға күрделі ота жасады. Науқас бес жыл бойы диагнозын білуге тырысқан.
Әйел құлағы мен мұрнының ұлғая бастағанын байқап, ауруханаға барған. Бірнеше жыл ішінде аяғының өлшемі екі есеге өсіп кеткен. Мұрны мен құлағы да ісіп, зергерлік бұйымдары кішірейіп қалған. Үш күн бұрын әйелге ота жасалды. Қазір оның жағдайы жақсы, деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.
Гүлзинат Берниязованың айтуынша, бес жылда өзінің қандай дертке шалдыққанын біле алмапты.
«Алматы қаласына мамыр айында келіп, тексерілдім. Гипофиз аденомасынан туындаған акромегалия деген сырқат екені анықталды. Ота жасау керек деп айтты. Қымбат шығар деп ойладым. Бірақ тегін екен», — дейді ол.
Сырқат кезінде науқастың басы ауырмайды, көру қабілеті де нашарламайды. Сондықтан мұндай ісікке диагноз қою өте қиын.
Күрделі отаны дәрігерлер науқастың мұрны арқылы жасады.
«Бұрын мұндай отадан кейін 15-20 күн ауруханада жататын. Операцияны мұрын арқылы жасаудың арқасында науқастарға кері әсері азайды», — деді №7 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургі Ғани Аханов.
Алайда әйелдің дене мүшелері бұрынғы қалпына келе ме, жоқ па белгісіз. Дәрігерлер әлі нақты болжам жасамай отыр.
sputniknews.kz