Алматылық белсенді «саяси тұтқындарды босату» талабымен пикет өткізді

0

Алматы қаласында, сәрсенбі, 14 тамызда жергілікті тұрғын Қанат Жақыпов «саяси тұтқындарды босату» талабымен жалғыз адамдық пикет өткізді.

Ол Алматы-1 теміржол вокзалының алдына «Кеше – Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев, Оксана Шевчук. Бүгін мені, ертең – сені…», «Оян, ойлан! Соқыр саясатқа жол жоқ!» деген жазуы бар қос плакат ұстап шықты.

Жақыпов Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, ең қымбат қазынасы — адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп танитыны, сонымен бірге, азаматтар бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы екендігі жазылған ел конституциясының 1-ші және 32-баптарын оқыды.

«Конституцияны біліп, құрметтегенде ғана ол пәрменді болады» деген Жақыпов «ешкімнен қорықпауға» шақырды.

Жалғыз адамдық пикет туралы видеоны Facebook-тегі парақшасына жариялаған қолданушы Самат Ұзақовтың жазуынша, Қанат Жақыповты акция өткізіп тұрған жерінен ұстап, алып кеткен полиция оны екі сағаттан кейін босатқан.

Жақыпов пикетке ұстап шыққан плакатта есімі аталған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деген күдікпен қазір тергеу абақтысында қамауда отыр. Атыраулық белсенді Макс Боқаев 2016 жылы сәуірде үкіметтің жер реформасына қарсы шеруге қатысқаннан кейін бес жылға сотталған. Диссидент ақын Арон Атабек 2006 жылы Алматының шетіндегі Шаңырақ елдімекені тұрғындары билік «заңсыз салынған» деген негізбен сүрмекші болған баспаналарын қорғап, қарсылық танытқаннан кейін бірнеше айып тағылып, ұзақ мерзімге сотталған.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің жемқорлық айыбымен сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асты. 24 шілдеде Семей соты Жәкішевтің мерзімінен бұрынғы шартты бостандыққа шығару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, сот шешіміне Жәкішевтің апелляциялық шағымы Шығыс Қазақстан облыстық сотында тамыздың 27-і қаралмақ.

Соңғы апталарда Қазақстанның бірнеше қаласында жергілікті белсенділер саяси тұтқындарды босату талабымен жалғыз адамдық пикеттер өткізді. Қазақстанда саяси астары бар істер бойынша сотталған адамдар түрмеде отырғаны туралы бұған дейін халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар мен Еуропарламент те мәлімдеген. Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы немесе азаматтық ұстанымына бола сотталған адамдар барын жоққа шығарады.

Azattyq