Алматылық аруды зорлаған прокуратураның экс-қызметкері бостандықта жүр (ВИДЕО)

0

Алматыда қыз зорлады деген күдікке ілінген прокуратураның экс-қызметкері бостандықта жүр. Досымен  бірге  аруды алты сағат бойы  қорлаған азғынның  арыздан да қорқатын түрі жоқ.   Өйткені іс қозғалған күннен бақандай 9 ай өтсе де, бұрынғы мемлекеттік қызметші тамыр-танысының арқасында әлі де жазаланбай келеді.   Өкініштісі, елде осындай арам пиғылды еркектердің тарапынан  әр оныншы  бойжеткеннің ары тапталады екен.  Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бірнеше сағат бойы екі еркектен зәбір көрген алматылық арудың оқиғасы былтыр қараша айының жетісінде болған екен. Өмірінің астаң-кестеңін шығарған сол күн әлі көз алдында тұр. Өзі сүйген жігіті үйіне шақырған соң, ойланбастан келіседі. Алайда пәтерге кіргені сол еді,  ішінде ішімдікке сылқия тойып алған тағы бірнеше жігіттің жүргенін көреді.

ЖАННА УРАЗБАХОВА, АДВОКАТ:
«Үйде бөтен біреулердің жүргінен көргенде кетіп қалайын деп еді, бірақ сыртқа шығармады.  Жігіті жанжал шығарып,  қызды ұра бастайды.  Сосын жанындағы жігіттер қосылып, оны келемеждеген, басына сыра құйып, мазақ еткен.  Одан кейін досы екеуі оны жатын бөлмеге апарып,  алты сағат бойы зорлаған».

Ары тапталған аламатылық ару бірден полицияға барып арыз жазғанымен, сөзіне құлақ асар естір құлақ таппай қайтады.   Сөйтсе, зәбір көрсеткен екі еркектің бірі жергілікті  прокуратураның экс — қызметкері болып шығыпты.

ЖАННА УРАЗБАХОВА, АДВОКАТ:
«Жәбірленушіге қатты қысым  басталады. Күдіктілер «сен ештеңе дәлелдей алмайсың» деп қоқан-лоқы көрсеткен.  Аузыңды ашсаң,  сенің   ұятсыз суреттеріңді желіге жариялаймыз деп қорқытқан.   Ал күдіктілердің туысқандары күнде келіп, «олардың кішкентай балалары бар, кешіре салшы» деп өтінеді.    Алайда  жәбірленуші арыз жазғанымен,    қаскөйлер әлі бостандықта жүр.  Қазір қыздың жағдайы өте ауыр, психотерапевттен ем алып, түрлі дәрілер ішіп жатыр».

Бейресми дерекке сенсек, елде әр оныншы әйел еркектер тарабынан зәбір көреді екен.  Алайда солардың тек 10 пайызы ғана  полицияға арызданып, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінеді. Соның өзінде, ісі бірнеше жылдан бері бір орнынан қозғалмай, соңында мүлдем  ұмытылып қалатындары да бар.

АҚМАРЖАН КӨШЕРБАЕВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
«Қоғамда «жәбірленушінің өзі кінәлі ғой» деген теріс пікір қалыптасқан.   Пәтерге кірген, түнде жүрген, ашық киінген де өзі ғой деген сияқты.  Алайда, бұл ретте, бір статистиканы келтірейін.  Әйелдердің 80 проценті зәбірді бейтаныс біреуден емес, өзінің күнделікті көріп жүрген жақынынан көреді.   Әйелдер ғана емес, педафилдің құрығына  түсетін балаларға келсек те, көрсеткіш осындай»

Иә, өкініштісі сол,   арам пиғылды азғын көшеде жүрген бейтаныс біреу емес,  айналаңда жүрген жақының бірі болуы мүмкін.  Сонда мұндай қаскөйлерді қалай тануға болады?

ЕРЖАН МЫРЗАБАЕВ, ПСИХОЛОГ:
«Ойнап айта салдым, қолымды қоя салдым, құшақтай салдым, сүйе салдым деген іс әрекеттерін сол жерде тотату керек. Сіз интимді тұрғыда әзілдерге күлімсіреп жауап бергенде, қандай да бір симпатия көрсеткен кезде зорлықшы үшін ол қандай да бір сигнал. Мына қыз мынаны ұнатып отыр, демек істеуге болады».

Елімізде күніне кемі 30 бұрымды зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Сорақысы бұл сандар, карантин кезінде бірден  20 пайызға артқан.  Бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органдары тарапынан тезірек шара  қолдануы шарт, дейді білетіндер. Өйткені ертең ковидтің күзде күтілетін екінші толқыны бар.