Алматыдағы ұшақ апатында қаза тапқандар жер қойнына тапсырылды
Алматы облысының Боралдай кентінде ҰҚК авиациялық қызметінің қаза тапқан әскери қызметшілеріне әскери құрмет көрсету рәсімі өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, рәсімге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы қатысты.
Қаза тапқандарды жерлеу орнына жеткізу үшін ҰҚК-нің жер үсті және әуе көлік құралдары жұмылдырылды.
«ҰҚК қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің туыстарына, жақындарына барлық қажетті көмек көрсетеді. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін
ҰҚК орталық аппаратының ғимаратында ведомстволық ту төмен түсірілді, сағат 17.22 — де ұлттық қауіпсіздік органдарында бір минут үнсіздік болады», — делінген хабарламада.