Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 9 полиция қызметкері қаза тапқан

0

Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов аппараттық отырыста тәртіпсіздіктер кезінде қаза болғандар мен келтірілген залал туралы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қаланың бас полицейінің мәліметінше, Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 9 полиция қызметкері қаза тапқан, бесеуі ауруханада жатыр, олардың екеуі ауыр халде. Барлығы 1097 полиция қызметкері түрлі жарақат алған.

Сонымен қатар 5 фронт-офис, 19 модульдік бөлімше және 13 экопост өртенді. Қалада тек екі экопост қалды. Алмалы аудандық полиция бөлімі де зардап шекті.

«165 көлік зардап шекті, оның 64-ін қалпына келтіру мүмкін емес. 7 қару-жарақ дүкенінен 1347 дана қару ұрланған. Бүгінгі таңда 127 қару тәркіленді, оның 58-і аңшылық дүкендердерден ұрланған», –  деп толықтырды Таймерденов.

Бұған дейін Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов қалада жаппай тәртіпсіздіктер кезінде барлығы 149 адам көз жұмғанын айтқан.

Еске сала кетсек, Қазақстанда төтенше жағдай кезінде 225 адам мәйітханаға жеткізілген. Олардың ішінде террорлық шабуылдарға қатысқан қарулы бандиттер де бар. Сондай-ақ 19 полицей мен әскери қызметкер қаза тапқан.