Алматыдағы қонақ үйлердің бірінен өрт шықты
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2022/05/Снимок-экрана-2022-05-20-094523.jpg)
Алматыдағы Қожамқұлов көшесінде орналасқан Hotel Plaza Almaty қонақ үйінен өрт шығып, 57 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды kznews.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар департаментінде мәлімдегендей, өрт туралы хабар 23:30 шамасында келіп түскен. Өрт қонақ үйдің жертөле қабатындағы саунадан басталған. Ал түтін ғимараттың барлық қабатына тараған.
«Қонақтар барлық терезеден көмек сұрады. Өрт сөндірушілер бірден құтқару жұмыстарын бастап кетті», – делінген хабарламада.
Адамдар үш өрт сөндіру және төрт жылжымалы баспалдақ арқылы эвакуацияланды. Қаза тапқандар жоқ.
Өртті сөндіруге 42 өрт сөндіруші мен 14 бірлік техника жұмылдырылған.