Алматыдағы митинг қалай өтті (видео)
Алматыда жер мәселесіне байланысты ірі митинг өтті. Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда күндізгі сағат 12-лер шамасында басталған митинг шамамен екі сағатқа созылып аяқталды. Аумақта интернет өшірілді.
– Билік халықты алдап жатыр. «Ауыл шаруашылық жерлері Қазақстан азаматтарына сатылмасын, біз соған қарсы шығып отырмыз» деп билік өздеріне ұпай жинағысы келеді. Ал ауыл шаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтарына берді деген сөз сатылды деген сөз. Оны сатып алатын кімдер? Латифундистер, олигархтар, Назарбаев айналасында жүргендер. Қарапайым қазақ он сотық жерге жете алмай жүргенде мысалы, Розиновтың 1,5 млн гектар жері бар екен. Өмір бойы мемлекеттік қызмет жасаған Кулагиннің 80 мың гектар жері бар дейді. Темірхан Досмұхамбетовтің, Болат Назарбаевтың мыңдаған гектар жері бар. Терещенколардың жүздеген мың гектар жері бар. Соның барлығы қайдан келді? Қазір қазақты жерден айыру саясатын көріп отырмыз. Билік бізді тәуелсіздіктен түбегейлі айырғалы отыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Заңның қабылдануына түбегейлі қарсымыз — деді митингіде сөйлеген тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының жетекшісі Жанболат Мамай. Бұл туралы Азаттық жазды.
Белсенділер Абзал Достияров, Ырысбек Тоқтасын кез келген мақсаттағы жерді шетелдіктерге сатпауды және жалға бермеуді талап етті. Ырысбек Тоқтасын наурыз айында құрылған жер комиссиясының құрамына тәуелсіз белсенділер кірмегенін сынап, оның жұмысына күмән келтірді.
«ЖЕРДІ КҮТУ ЖӘНЕ САҚТАУ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!»
Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы қазіргі заң жобасын тоқтатып, орнына «Жерді күту және сақтау» туралы жаңа заң қабылдауды ұсынды.
– Онда жерді жекешендіру мәселесі мүлде болмауы керек. Ол заң тек жеке тұлғаларға және заңды тұлғаларға уақытша және тұрақты пайдалануға беретін заң болуы керек. Сол кезде жер сатылады және жекеменшікке беріледі деген алаңдаңдаудан құтылар едік, – деді ол.
Рысбек Сәрсенбайұлы «Қытайды көп айтамыз, ал солтүстіктегі көршіні неге ескермейміз?» деп Ресейдің көрші елдерге қатысты саясаты туралы айтты.
– Ол Украинада не істеді? Донецк мен Луганскіні қалай бөлшектеді? Мұның бәрі не үшін? Жер үшін. Әзербайжандағы Қарабақ не үшін? Жер үшін. Сондай соғыс, қақтығыстың бізге керегі жоқ. Жерді жекешелендіру дегеніміз жаттықтардың қолына беру деген сөз. Ол ертеңгі күні сондай қантөгістер мен соғыстарға алып барады. Біз сол соғыстарды болдырмау үшін бүгін соның алдын алып отырмыз. Отанға қауіп төнді дейтініміз сондықтан. Мұның үлкен мәні бар, — деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Прокурор жиналғандарға шараның заңсыз екенін ескертуге тырысып еді, наразылар «прокурор кет!» деп айқайлап, ығыстырып тастады. Бұдан соң жұрт «Назарбаев кет!» деп те айқайлады.
Сары түсті униформа киген санитария мамандары наразыларды аралап, «маска тағыңдар» деп ескертіп жүрді. Жұрт олардың әрекетіне наразылық білдірді.
АРНАЙЫ ЖАСАҚ БӨГЕТІ ЖӘНЕ МИТИНГ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Түс ауған шақта жиналғандар орталық алаңға қарай шерулетіп жүрмек болған. Бірақ белсенділер жүз метр жылжыған соң арнайы жасақ олардың жолын бөгеді.
Бұдан соң наразылар Уәлиханов алаңына қайтып келді. Сол жерде жиынды қорытындылап, билікке талап қойды.
«Егер сенат даулы заңды қабылдаса, 15 мамырдан бастап Республика алаңында шатыр тігіп, сол жерде аштық жариялаймыз» деді белсенді Жанболат Мамай.
Жақында жергілікті БАҚ қазір парламентте талқыланып жатқан Жер қатынастары туралы жобада шетелдіктерге жерді жалға алып, орман шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік беретін пунктер қалдырылғанын хабарлаған еді. Бұл қоғам арасында наразылық туғызған. Атырау облысы Ресеймен шекара маңындағы Көптоғай ауылындағы жағдай да жер мәселесінің қозғалуына түрткі болған.
НҰР-СҰЛТАН
24 сәуірде Нұр-Сұлтанда полиция митинг өтеді делінген цирк маңындағы шамамен бір шақырымнан астам жерді қоршап, ешкімді жолатқан жоқ. Айналада жүрген санаулы белсенді ұсталған. Куәгерлер мен ақпарат құралдары полицияның он шақты адамды ұстағанын көрген. Полиция әзірге ақпарат бермеді.
Сенбі күні мұнда билет тексеретін униформа киген қызметкерлер аялдамадағы жолаушыларды «автобус жоқ» деп қуып, қоғамдық көліктерді аялдатпай жіберіп отырған. Белсенділердің бірі Нағызхан Төлеубай Азаттық тілшісіне «жер мәселесіне алаңдап келген едік, полиция бұл жаққа мүлде жолатпай қойды» деп айтқан.
ШЫМКЕНТ
Сенбі күні Шымкентте митинг өтеді делінген орталық саябақты полиция қызметкерлері қоршап, ол жаққа адамдарды кіргізген жоқ. Саябақтың автотұрағында оннан аса полиция көлігі тұрды. Саябақ маңында жер сатуға қарсы екенін айта бастаған Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны Қайрат Абылаевты өздерін «әкімдік өкіліміз» деп таныстырғандар «түсіндіру жұмысын жүргіземіз» деп шақырды. Әңгімелескен соң тұрғынды шығарып салды.
24 сәуірде мұнда көптеген белсенділер үйлерін полиция күзетіп тұрғанын айтып, сыртқа шыға алмай қалғанына шағымданды. Кей белсенділер митингіге шыға алмаған соң наразылықты үйінде өткізіп, әлеуметтік желіге жариялады. Сенбі күні таңертең мұнда кемінде үш белсендіге полицияның барғаны немесе жолда ұсталғаны белгілі болды.
Бұған дейін Қазақстанның демократиялық партиясы және қуғындағы экс-банкир, шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын митингіге шақырған. Бірақ Әблязов митингіні 1 мамырға белгілеген. Онда «саяси тұтқындарды» босату, Еуропарламенттің 11 ақпан күнгі резолюциясын орындау, еркінен тыс вакцина салдыртпау және қымбатшылықты жою талап етілетіні хабарланды. Ол құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп танығанмен Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған. Елде қозғалысты қолдаған көптеген белсенді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталған. Құқық қорғаушылар биліктің «экстремистік баптарды пайдаланып» оппоненттерін қудалады деп сынайды.