Алматыдағы хостел иелері студенттерді қабылдағысы келмейді
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Қалаға арман арқалап келетін студенттерге қатысты мәселенің бірі – жатақхана. Жатақхананы жағалай орын таппаған студенттер пәтер жалдап, хостел паналап кетпей ме? Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханмен тілдескен едік.
«Студенттерді жатақханамен қамту мәселесі күрделі. Жалпы білім саласында түйткілді мәселелерді көрсетпей қалу мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, 1960 жылдары салынған ескі жатақханалар бар. Біздің министрлік бұл сұрақтың күрделілігін ескере отырып, нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді. Барлық оқу орындарына қабылдаған студенттерді жатақханамен міндетті түрде қамту талабы енгізілді. Студент грантпен бе, ақылы оқи ма, оған қарамайды. Талап орындалмаған жағдайда сұрақ университетке қойылады және олардың хабары бар. Студенттерді жатақханамен қамту талаптары министрдің бұйрығымен бекітілген», — деді Ақерке Абылайхан агенттік тілшісімен сұхбат барысында.
Министрлік өкілі еліміздегі жатақхана тапшылығы бойынша жаңа статистиканы бере алмайтындығын айтты. Себебі, студенттерді оқу орындарына қабылдау әлі жүріп жатыр, айтуынша 25 тамыздан кейін белгілі болады.
«Жатақханалардағы орынды бөлу 2022 жылғы министрдің бұйрығымен бекітілген. Жатақхана алдымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге беріледі. Мұнан соң І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектігі бар студенттер қамтылады. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, ауыл квотасымен оқу түскен студенттер, қандастар және «Серпін» бағдарламасымен білім алатын жастар да бар», — дейді ол.
Сондай-ақ, спикер әңгіме барысында студенттердің жатақхана мәселесін шешуге арналған бірыңғай желі қосылғанын тілге тиек етті. Оқу жылының басында студенттердің көптеп келуін ескере отырып, министрлік бірыңғай колл-орталық және ахуал орталығын ұйымдастырылған. Сол сияқты студенттерді жатақханаларға орналастыру күндерінде әрбір жоғары оқу орнында көмекке мұқтаж студентті қолдау үшін тиісті орталықтар жұмыс істеп тұр.
«Студенттер әлі қабылданып жатыр, сондықтан қанша орын қажеттігін қазір айта алмаймыз, 25 тамыздан кейін белгілі болады. Хостелдер мәселесіне келсек, үшжақты келісімшарт жасалады, университет, хостел иесі және студент. Осы орайда айта кетсек, Алматыдағы хостел иелері жоғары оқу орындарымен жұмыс істеуге мүдделі емес, оған себеп – талаптардың күшейтілуі. Елордада Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері қаладағы 6 хостелге жайғаспақ. Хостелдердегі өрт қауіпсіздігіне жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті жауапты. Тағы бір жайт, енді хостелдерде тек қана студенттер тұратын болады, яғни бөгде адамдар тұрмайды. Сонымен қатар келісімшарт бойынша хостелдердің иесіне міндеттер жүктеледі. Оның қатарына қауіпсіздік пен тазалық жатады», — деді А. Абылайхан.
Қазір студенттерді жатақханамен қамтудың бірнеше түрі бар. Алдымен университет жанындағы жатақханалар, сосын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша салынған жатақханалар, оларға мемлекеттен субсидия беріледі және бағаны айына 40 мың теңгеден көтермеу талабы қойылған. Одан бөлек, студенттер хостелдерде тұра алады, оның бағасын қалтасына қарай таңдайды.
Еске сала кетсек, 2020 жылы Мемлекет басшысы 90 мың студент үшін жатақхана салуміндетін жүктеген еді.
«Бүгінде 50 966 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 10 576 орындық 27 жатақхана беріледі, одан бөлек 4 650 орындық 17 жатақхана дайын», — деп сендірді министрлік өкілі.
Тоқтала кетсек, жатақханалар мен хостелдердегі қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Бұл бағыттағы істің мән-жайын Төтенше жағдайлар министрлігінен білген едік.
«2023 жылы хостелдер мен жатақханаларда 3 өрт тіркелді. Өрттің пайда болу себептері – электр желілері мен электр құрылғыларын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Биыл өрт тіркелген жоқ. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті критерийлеріне сәйкес жатақханалар үш тәуекел дәрежесіне: жоғары, орташа және төмен болып бөлінеді. Тәуекелдің жоғары дәрежесіне құрылыстардың жалпы ауданы 2000 және одан да көп шаршы метр, орташаға 1999-дан 1000 шаршы метрге дейін, төменіне 999 және шаршы метрден аз хостелдер жатады», — деп түсіндірді ведомстводан.
Министрліктің мәліметінше, жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, жатақханалар мен хостелдерге жылына бір рет профилактикалық бақылау жүргізіледі. Ал прокуратура органдарының тапсырмалары, жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік органдардың өтініштері жоспардан тыс тексеруге жатады. Былтыр өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау мақсатында еліміз бойынша 352 хостелде жоспардан тыс тексерулер жүргізілген.
«Олардың нәтижелері бойынша 1 600-ден астам заң бұзушылық анықталды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 336 хостелдің иелері 3 млн астам теңге сомаға айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.
ТЖМ жыл басынан бері жатақханаларды қоса алғанда, білім беру объектілеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау тұрғысынан барлығы 488 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдері көрсетілген нұсқамалар берілді.
Еске салсақ, былтыр Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Хостел ғимаратының иесі – «КУСА Халық» ЖШС. Оны жалға алған – «ALA Hostel» ЖШС. Нысан құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып салынған. Бұл хостелде студенттер мен жалдамалы жұмысшылар тұрған. Мемлекет басшысы қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылатынын жеткізіп, Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.
Айта кетсек, Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті жыл басында ұсынған мәлімет бойынша елордада 87 хостел бар, 8 хостел өз еркімен жабылған.