Алматыдағы форумда Орталық Азиядағы сөз бостандығын талқылады

0

30 мамырда Алматыда «InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты форум басталды. Екі күнге созылатын форумның бірінші күні Орталық Азиядағы сөз бостандығы мәселесі, жалған ақпаратпен күрес, киберқауіпсіздік, сайлау кезіндегі БАҚ жұмысы тақырыптары талқылады.

Азаттық радиосының продюсері Қасым Аманжол форумда сөз сөйлеп, Қазақстандағы журналистердің құқығының бұзылуы жайлы айтты. Ол соңғы уақытта саяси және әлеуметтік өткір тақырыптарды жазған журналистерге қысым күшейіп, кедергі көбейгенін сөз етті.

Қасым Аманжол Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мен «Настоящее время» тілшісі Светлана Глушкованың ұсталып, сотқа тартылғанын айтты.

Жиында Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан журналистері де елдеріндегі сөз бостандығы жайлы есептерін жариялады. «Настоящее время» телеарнасының ақпараттық бағдарламаларының бас редакторы Кирилл Сухоцкий пропаганда, ксенофобия тақырыбын қозғады.

Ерболат Калим, Қазақстан сандық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі

Ерболат Калим, Қазақстан сандық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі

Жиын кезінде Азаттық тілшісі Қазақстан сандық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Ерболат Калимнан елдегі интернеттің бұғатталуы жайлы сұрады. Ол елдегі интернет мәселесіне ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауап беретінін айтты.

«Интернет бұғаттау мәселелеріне тікелей ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жауап береді. Біз ақпараттың қауіпсіздігін, контентті бақылаймыз» деді ол.

Мамырдың ортасында Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «бұғаттауға біздің қатысымыз жоқ. Техникалық ақаулар болған шығар» деген.

Ал Қазақстан сандық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «9 мамырда интернет жұмысындағы ақау неден болғанын тексеретінін» айтқан.

2018 жылы Қазақстан билігі бірнеше күштік құрылымда елде төтенше жағдай болғанда интернетті бұғаттауға рұқсат берген.

«InternetCA-2019 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты форумы 10-рет өтіп жатыр. Форумды MediaNet халықаралық журналистика орталығы ұйымдастырады. Шараға Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі және Конрад Аденауэр атындағы қор демеуші болған. Форумға Германия, Сингапур, Чехия, Ресей, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстаннан келген сарапшылар қатысады.

Azattyq